Жұмыссыздық жаһанды жайлады

Пандемиядан кейін әлем бұрынғы қалпына түсе алмай жатыр.

Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері осылай дейді. Әсіресе әйелдердің жұмысқа тұруы қиын. Кәсіп іздеген жастар да көп. Ал Африка елдерінде жағдай тіптен мүшкіл.

Жастар арасындағы жұмыссыздық бойынша жасалған рейтингтің алғашқы бестігіне Афариканың бірден 4 елі кіріп отыр. Ал тиісті көрсеткіш Еуропа елдерінде төмен.

 

Жұмыссыздық жаһанды жайлады 

Биыл әлемде екі қолға бір күрек таппай жүргендер саны 453 миллион адамға жетеді. Ер адамдармен салыстырғанда жұмыссыз жүрген әйелдер 1,5 есе көп болады. Халықаралық еңбек ұйымының болжамы осындай. Әсіресе табысы төмен елдердердегі ахуал алаңдатарлық. Мұнда әрбір бесінші тұрғын кәсіп іздеумен әлек. Мамандар мұның бірнеше себебі барын айтады. Көп елдің экономикасы коронавирустан кейін қалпына келе алмай жатыр. Оның үстіне әлемді жайлаған қымбатшылық та жағдайды ушықтырып жіберді. Пандемиядан әсіресе Африканың еңбек нарығы қатты зардап шеккен. Дамыған мемлекеттерде жағдай біршама тұрақты.

Миа Сеппо, Халықаралық еңбек ұйымының өкілі:

- Пандемиядан кейін кейбір елдердің еңбек нарығындағы ахуал тез қалпына келе бастаса, өзгелерінде бұл өте баяу жүріп жатыр. Демек алшақтық ұлғайып барады. Еңбек нарығының қалпына келуіне экономикалық дағдарыс та кесірін тигізіп отыр. Осы себепті жұмысшылардың біліктілігін жетілдіріп, қайта даярлауға көп көңіл бөлу керек. Бұл қоғамның экологиялық және цифрлық әлемге тезірек бейімделуіне көмектеседі.

 

Жастар арасында жұмыссыздық көбейді   

Қытайда жастар арасында жұмыссыздық күрт көбейген. Сәурдің қорытындысы бойынша, көрсеткіш деңгейі 20,4%-ке жеткен. Бұл – рекорд. Алдағы уақытта ахуал тіптен ушығып кетуі мүмкін деген болжам бар. Өйткені 12 миллионға жуық адам жоғары оқу орындарын аяқтауы тиіс. Сарапшылар ахуалға университеттің ұсынысы мен жұмыс берушінің сұранысының сәйкес келмеуі себеп дейді. Соның салдарынан түлектер жалақысы төмен жұмысқа шақырылады. Көбі одан бас тартып жатады. Бұл ретте билік түрлі шараларды қолға алған. Мәселен, әскерилер қатарына жұмысқа қабылданғанда жоғары оқу орнын енді аяқтаған жастарға басымдық беріледі. Ал мемлекеттік кәсіпорындарға түлектердің тағылымдамадан өтуі үшін қосымша 1 миллион орын ашу міндеттелді.  

Брюс Ванг, экономист:

- Қытай билігі коронавирус пандемиясынан кейін экономиканың қалпына келуі, соның ішінде еңбек нарығындағы ахуалды тұрақтандыру үшін түрлі шараларды қабылдап жатыр. Шағын және орта кәсіпорындар қызметінің қайта жандануына қарай жаңа жұмыс орындарының саны көбеюі тиіс.

 

Африка жастары жұмыс іздейді 

Әлемде осы жастар арасындағы жұмыссыздық Оңтүстік Африка Республикасында жоғары. Зэ Спектэйтр Индекс нұсқасы бойынша, елде оның деңгейі 60%-ке жуықтайды. Мұның бірнеше себебі бар. Бұл – коронавирус пандемиясының экономикаға салдары. Білім беру жүйесінің әлсіз тұстары. Оның үстіне еңбек заңында қарама қайшылықтар көп. Аталған рейтингтің алғашқы бестігіне Африканың 4 елі кіріп отыр. Сонымен қоса Испания да бар. Мұнда жастар арасындағы жұмыссыздық 32% шамасында. Ал еңбек нарығындағы ең жақсы ахуал қалыптасқан мелмекеттердің көшбасында Швейцария, Жапония мен Германия тұр.