Түркияда Алаш қайраткерінің есімі ұлықталды
Түркі әлемі және Жалау Мыңбайұлы. Анкарада осындай тақырыпта халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Түркі жұртының ғалымдары ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Жалау Мыңбайұлының өмірі мен еңбектері жайлы сөз қозғады.
Жалау Мыңбайұлының 130 жылдығына арналған келелі жиынның Анкарада өтуі бекер емес. Өйткені қазақтың біртуар азаматы – халқымыздың қиын- қыстау кезеңінде Алаш Орда үкіметі және Алаш арыстарымен ғана емес, Түркі дүниесімен тығыз байланыс орнатып, ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен ерен тұлға.
Жаңбырбай Матаев, Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы:
- Маңғыстау Түркіменстанмен шекаралас болды. Себебі 20 жылға дейін біздің орталығымыз Ашхабад болды. Зеки Велиди Тоғанның өзі Маңғыстау арқылы өтті. Ануар Пашамен Мунитханмен сол уақытта Маңғыстау мен адайлар мен түрікмендер жауласқанда, Мунтиханға өзі барып, бітімгерлікке шақырған. Сол уақытта бар болғаны 27-дегі жігіт. Сондықтан түркі әлеміндегі Жалау атамыздың еңбегін осы биыл Анкарада өткізуге бел будық. Себебі түркі әлемінде еңбегі бар екенін біліп отырмыз.
Халықаралық конференция бір минуттық үнсіздікпен басталды: қатысушылар Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Сосын «Намыстан жаралған» Жалау Мыңбайұлы деректі фильмін тамашалады. Конференцияның пленарлық отырысында Мыңбайұлының өмірі мен қызметі, ұстанымы жайлы айтылды. Келелі жиын, Қажы Байрам Университеті, Қазақстан елшігі, Маңғыстау облысы әкімдігі, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Еуразия ұлттық университеті, «Жалау Мыңбайұлы қоғамдық қоры» қолдауымен ұйымдастырылды.
Дихан Қамзабекұлы, ҚР ҰҒА академигі:
- Бірінші, Жалау Мыңбайұлы, Қазақстанның советтік кезеңінің басындағы елдің азаттығы үшін, азаттық деген өзінің мағынасында, яғни әлеуметтік теңдік көп айтылды ғой, халықтың құқықсыздығы, қазақтың көп мәселелерінің орындалмағанын жаңа деңгейге көтеріп, мемлекеттік деңгейде шешудің тәжірибесі қалай жүрді, сол туралы жиын. Екіншіден, аз ғана ғұмырында бұл кісі 1925-1927 жылға дейін қазақтың атқару комитетін басқарды. Сол кезде театр ашылды. Университеттер ашылды. Газет-журнал жаңғырып жатты. Осы кезеңдегі Жалау Мыңбайұлының бастамашылдығы, табандылығы.
Нажие Ата Йылдыз, профессор, түркітанушы:
- Түркі әлеміндегі байланыс қиын-қыстау кезеңдерде де ешқашан тоқтаған емес. Өйткені осындай Жалау Мыңбайұлы секілді бірегей тұлғалары болды. Олар азаттық үшін, ұлты үшін күрестен тайынған жоқ. Мұндай біртуар жандардың біздің ұрпақ білуі тиіс. Олардан үлгі алулары үшін осындай шараларды ұйымдастырып отырмыз. Қазақ деген әрбір түрік жасы, ақынынан бастап қайраткеріне дейін спортшысынан бастап өнеріне дейін айтуы керек. Бұл тұрғыдан, осындай шаралардың маңызы зор.
Шара соңында халықаралық шараға үлес қосқан азаматтар Жалау Мыңбайұлы медалі және алғыс хаттарымен марапатталды. Ал Анадолыда Алаш қозғалысын танытып жүрген ғалымдарға қазақтың ұлттық киімдері тарту етілді. Маңғыстаудан келген өнерпаздар түрік жұртын өз өнерімен тәнті етті.
Авторы: Меруерт Қанағат.