Бангладеште күннің ыстығынан жарық өшті
Оңтүстік-Шығыс Азияда бұрын-соңды болмаған ауа температурысы тіркелді.
Термометр бағаны Цельсий шкаласы бойынша 41 градустан түспей тұр. Аптап ыстықта жергілікті тұрғындар көлеңке жер таппай әлек. Әсіресе экономикалық жағдайы онсыз да мәз емес Бангладеш жұрты зардап шегіп отыр. Қатты ыстық салдарынан елдегі электр қуаты да істен шықты. Сәйкесінше, тұрғындар желдеткішті қоса алмайды. Бұл - әлемдегі ең кедей елдің бірі. Климаттың өзгеруі Бангладештің экономикалық жағдайын нашарлатты. Мысалы, ел экспортының 80 пайызы тиесілі жеңіл өнеркәсіп секторы да электр энергиясы істен шыққаннан соң, жұмысын уақытша тоқтатты. Ал жергілікті метеорологтар «алдағы апталарда температура төмендемейді», - дейді.