Қырғызстан астанасы Бішкекте су тапшы

Қала әкімшілігі тұрғындарды тіршілік нәрімен қамту үшін төтенше шаралар қабылдауға мәжбүр болды.

Мәселен түнгі мезгілде бақша суаруға тыйым салынып, жеке меншік моншалар мен көлік жуу орындары жабылды.

Аман Бақытұлы Бішкектегі шағын аудандардың бірінде 10 қабатты үйде тұрады. Жоғарғы жаққа су келмейтіндіктен, күн сайын таңертең төмен түсіп, шөлмектерді техникалық сумен толтырады. Көршілері төменгі қабаттарда судың барына риза. Кейбір үйлерді ол мүлде жоқ.

Аман Бақытұлы, Бішкек қаласының тұрғыны:
- Соңғы кезде суды ойлап, уайымға беріліп кеттім. Ұйықдан тұрғанда судың бар-жоғын білмейсің.
Оқудан немесе жұмыстан келгенде де алдымен осыны ойлайсың. Сондықтан үнемі көшеге шығып, шөлмектермен әкелуге тура келеді. Осылай ыдыс пен қол жууға болады.

Жаз сайын Бішкекте су мәселесі ушығады. Орто-Алыш пен Ала-Арчи жер асты сулары қаланы сумен қамтып отыр. Соңғы айларда деңгейі төмендеген. Ал әр адам тұтынатын су мөлшері 170 литрден 410 литрге дейін артты. Оған қоса, бақшалары мен егістерін ауызсумен суарады. Қала әкімшілігі бұған жол бермес үшін тексерулер ұйымдастырып жүр.

Нұрлан Кулукеев, Аламудун гидробөлімінің бастығы:
-
Қазір бізге секундына 3 текше метр су келіп тұр. Бір кубын Бішкекке береміз, бұл көбінесе ауызсу. Қалғанын қала шетіндегі елді мекендер пайдаланады. Бәріне жетсін деп кезекпен береміз.

Қала әкімшілігі көлік жуу орындарын, жеке меншік моншалар мен хауыздарды уақытша жапты. Сондай-ақ, шағын аудандарға қосымша құбырлар тартып, ұңғымалар қазып жатыр. Ал синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері Қырғызстанда аптап ыстық орнап, сынап бағаны 40 градусқа дейін көтеріледі.  

Авторы: Бақыт Чермашев