Испанияда әр төртінші оқушы буллингтен зардап шекті

Испанияда 11 мен 15 жас аралы­ғын­дағы әрбір төртінші жеткіншек буллингтің құрбанына айналады.

Ең өкініштісі, мектептерде баланы желі арқылы қорлау оқиғалары соңғы жеті жылда төрт есе өскен.

Қазіргідей ғаламтор дәуірінде бей-берекет ақпарат тасқыны Испаниядағы ұрпақтың да санасын улап жатқан өткір әрі өзекті мәселе. Құрбандардың дені жасөспірімдер болып келетін бұл дерт күн санап дендеп барады. Испаниядағы Mutua Madrileña қоғамдық қоры жүргізген әлеуметтік зерттеуге сәйкес: ел мектептеріндегі қорлау оқиғалары соңғы жеті жылда төрт есеге және өткен жылы бірден 75%-ке өскен. Ең өкініштісі - оқушылардың үштен бірі болған жәйтті ана-аналарынан жасырады екен.

Ирене Монтиель, киберпсихолог, заңгер:
-
Соңғы жылдары кибербуллингк топтық көрініс табуда. Барлығын біле тұра, көре тұра мектеп әкімшілігі алпыс процентінде араласпай, немқұрайлық танытады. Мыңдаған оқушы болған жәйтті ата-анасына айтпайды. Бала жалғыз қалады. Мұндайда сыртта қалуға болмайды, мектеп те, ата-ана да топтың басында кім тұрғанын анықтап, дәлелдерді сақтап, полицияға жүгіну керек. Бала өз құқығын мектеп жасынан ұғынуы тиіс. Кибербуллинге қыздарға қарағанда ұлдар көп ұшырайды.

Баласының буллингке тап болғанын білсе де, ата-аналардың басым бөлігі қорлауды тоқтату үшін пайдаланушыны блоктаумен ғана шектеледі екен. Психолог мамандар мұнымен келіспейді. Өйткені анонимді кибербуллингтің құрығы ұзын, айласы көп. Жаңа жалған аккаунттар құра салу - қазір қиын емес. Сондықтан кибербуллинг құрбаны үшін ең нәтижелі көмек - баланың көңіл-күйін, мазасы қашқанын, ұйқысы бұзылғанын ата-ана дер кезінде байқап, қолдау көрсету.

Андрея Ариас, оқушы:
-
Менің толықтығымды сыныптастарым әбден мазаққа айналдырды. Сөзбен де, суретпен де келемеждеп, телефоныма сәт сайын жанымды қорлайтын жазбалар жіберді. Алайда әкеме айтып едім, әкем мені жалғыз қалдырған жоқ, біз қиындықты бірге еңсердік.

Күн сайын Испаниядағы он оқушының жетеуі буллингтен зардап шегеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бір жылдың ішінде Испанияда он екі мыңға жуық осы тектес факті анықталған.

Аида Қыдырбай, тілші:
-
Мұндай дерек әрине Испанияны Еуропаның буллинг көрсеткіші ең жоғары елдің қатарына жатқызады. Тығырықтан шығар жол қандай? Ел үкіметі нөмірі 9 санынан басталатын тегін телефон желісін іске қосты, психология, педагогика және заңгерлер жәбірленушіге қажет көмек көрсетуге әзір. Сондай ақ Испанияда «мектептегі медициналық сақтандыру» деген ұғым бар. Бұл сақтандыру жәбірленушіге психологиялық көмек түрін ұсынады.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач