Канада орманында тұтанған өрт құрлыққа зиянын тигізіп отыр
Канада орманында тұтанған өрт бұл елге ғана емес, сондай-ақ құрлыққа зиянын тигізіп отыр.
Мамандар АҚШ-тың Солтүстік-Шығыс аймағын көк түтіннің тұмшалауы соңғы 20 жылда болмағанын айтады. Ел астанасы Вашингтондағы ауаның сапасы қатты нашарлап кетті. Бұдан қарапайым тұрғындардан бастап, саудагерлер мен шаруалар зардап шегіп жатыр.
Канада орманындағы өрттен таралған түтін Алтант мұхитының бойымен АҚШ астанасына да жетті. Осының кесірінен көптеген вашингтондықтар далаға шыға алмай қалды.
Кертис Киң, Вашингтон тұрғыны:
- Күнде скейтборд тебетін едім, оны тастауға мәжбүрмін. Себебі ашық далада жүрсең де тынысың тарылады. Жұмысыма да кедергі келтірді. Үйлерге барып сөре орнататын едім, ол да жайына қалды. Үй күшікке айналдым.
Көшеде көлік те азайды. Пойызға да көп адам мінбейтін болған. Көптеген компания өзіне қолайсыз болса да қызметкерлерін кеңсеге келтірмей, үйден істеуге амалсыз көніп отыр. Жол жөндеу, қоқыс жинау, саябақтарға қарау сияқты жұмыстар уақытша тоқтатылды. Қаладағы басты хайуанаттар бағы жабылды. Вашингтонның Ұлттық бейсбол тобы жарыстарынан бас тартты. Президент Байден әкімшілігі де жоспарланған іс-шараларды кейінге шегерді.
Джош Бөрт, саудагер:
- Менің демікпем бар. Тыныс алуым қиындады. Күннің де көзі бір ашылмай қойды. Бұлай жалғаса берсе, менің денсаулығыма үлкен нұқсан келуі мүмкін. Қорқып жүрмін.
Вашингтонға арнайы қыдырып келгендердің де жоспары бұзылды.
Брайан Уестлейк, Флорида тұрғыны:
- Иә, күлімсі иіс бар. Бірақ мен одан қиналмаймын. Әдемі суретке түсу мүмкіндігім шектеліп қалды. Капитолий ғимараты көрінбейді. Соның жанында күшті фотоға түсемін деген жоспарым бар еді.
Огайо, Индиана, Мичиган, Оңтүстік Каролина штаттары мен Жаңа Англия аймағындағы ауа сапасы да нашарлады. Билік миллиондаған тұрғынға үйден шықпауға кеңес беріп әлек. 2 күннен бері Нью-Йорк, Филадельфия, Ньюарк, Нью-Йорк әуежайларындағы ұшақтардың көкке көтерілуіне тыйым салынды.
Питер Муллинакс, метеоролог:
- АҚШ-тың орталық және шығыс бөлігіне теріскейден үздіксіз жел соғып тұр. Түтіннің жетуіне басты себеп осы. Бұл жағдай әлі келесі аптаға дейін сақталады. Сондықтан осы жетіде далаға жиі шықпай, үйде болған дұрыс.
АҚШ билігі Канада орманындағы өртті ауыздықтауға көмектесу үшін 600-ден астам өрт сөндіруші жіберген.
Елдегі ауа сапасының нашарлауы мен әуе рейстерінің ұшу барысын президент Джо Байденнің өзі бақылауға алған.
Авторы: Ернат Мелсұлы