АҚШ-та күдікті қомақты өтемақы алды

АҚШ тарихында полицияның заңсыз әрекетіне байланысты ең ірі көлемде өтемақы төленеді.

Күдіктіні ұстап, қолына кісен салған соң, көліктегі қауіпсіздік белдігін тақпаған полицейлер кінәлі деп танылды. Ал заң бұзған бұзақы 45 миллион доллар алады.

Коннектикут штатында 36 жастағы Рэнди Кокс көшедегі әйелді суық қарумен қорқытты деген күдікке ілініп, қамауға алынады. Оны ұстаған полиция қолын қайырып, фургонға отырғызады.

Бірақ жол үстінде олар апатқа ұшырай жаздап, көлік жүргізушісі тежегішті күрт басады. Сол сәтте қауіпсіздік белдігі тағылмаған күдікті қатты құлап, темір торға соғылады. Рэнди Кокс қозғала алмай қалғанын айтып, дереу көмек сұрап жалынады. Бірақ құқық қорғаушылар немқұрайлық танытып күле жауап береді. Тіпті тергеу изоляторына келген соң да оны сүйрелеп, камераға апарады. Біраз уақыттан кейін келген жедел жәрдем Кокстың сал болып қалғанын анықтайды.

Бен Крумп, азаматтық құқықтар бойынша адвокат:
- Оның бейнебаянын қалай қарауға болады. Ол кем дегенде 4 рет
«менің мойыным сынып қалды ғой деймін» деп айтты. Сенбесеңіздер сол видеоны өздеріңіз қарап көріңіздер.

Лакуавиус Легранд, Рэнди Кокстың апайы:
- Ол сал болып қана қойған жоқ. Ол дұрыс ұйықтай алмайды, не сөйлей алмайды, тамақ іше де алмайды. Мүлде түк істей алмайды. Тек жылайды. Біздің де жылағаннан басқа ештеңе қолымыздан келмейді
.

Төсекке таңылған Рэнди Кокс өткен жылы офицерлер мен Нью-Хейвен қаласын сотқа беріп, 100 миллион доллар талап етеді. Сот 45 млн. төлеу жөнінде шешім шығарып, тараптар ымыраға келді. Адвокаттардың айтуынша бұл полицияның теріс әрекетіне байланысты төленетін ең ірі өтемақы болып отыр.

Джастин Эликер, Нью-Хейвен қаласының мэрі:
- Ең маңыздысы 45 миллион доллардың 30 миллионын қаланың сақтандыру полисі, қалған 15 миллионды Нью-Хейвен қаласы төлеп береді. Мұндай оқиға енді ешқашан қайталанбауы керек.

Оны ұстауға қатысқан барлық офицерге қылмыстық іс қозғалған. Ал екеуі жұмыстан шығарылды. Олар кінәсін мойындаған жоқ. Заң бойынша полиция күдіктіні тасымалдау кезінде қауіпсіздік белдігін тағуы керек еді. Егер сол кезде дұрыс әрекет етсе, дәл осындай жарақат алса да Кокске көк тиын да бұйырмайтын еді.

Авторы: Нұрбек Бекен