Испанияда кітап оқитындар саны артқан
Испанияда кітап оқитындардың үлесі соңғы үш жылда тұрақты өсім көрсетіп, 43 процентке артқан.
Мұндай үрдіс әсіресе пандемия кезінде жылдам қарқынмен дами түскен. Бұл туралы Испания баспагерлерінің федерациясы мәлімдеді. Сондай-ақ Испания қоғамында кітап оқу мәдениетін арттыратын бірқатар мейрам түрлері жиі атап өтіледі.
Сан Жорди! Испаниядағы - ғашықтар күні осылай аталады. Дәл осы күні испан дәстүрі бойынша қыздар қауымы ер азаматтарға кітап сыйлайды. Жалпыұлттық кітап жәрмеңкелері ұйымдастырылып, баспагерлер өз туындыларын қоғам назарына ұсынады.
Сара Гарсия, мұғалім:
- Кітап сыйлауды сыйлықтың төресі деп білемін. Кітап арқылы ер адамға деген сезіміңді де астарлап жеткізуге болады. Сан жорди мерекесін жыл сайын асыға күтемін, бұл сатып алып, сыйлай салу емес, өзің оқыған әрі өзіңе қатты ұнаған кітапты сыйлау - ерекше сезім. Ер азаматыма ғана емес, әкем мен ағама да жыл сайын кітап сыйлаймын.
Кейінгі үш жылда Испанияда кітап оқитындар саны күрт артып, 43 пайыздық өсім көрсеткен. Бұл әсіресе пандемия кезінде байқалды. Бұл туралы үнемі сараптама жүргізіп отыратын, Испания баспагерлерінің федерациясы мәлімдеді. Статистика бойынша испандықтардың 66,2 пайызы кітап оқиды екен. Аптасына құрығанда бір кітап оқитындардың үлесі 52 пайыз. Кітаптың бетін ашпайтындардың да есебі жүргізілген. Олар 35 пайыз.
Давид Санчес, IT саласының маманы:
- Кітапқа құмарту пандемия кезінде пайда болды. Ақпараттар тасқынына төтеп беру оңай емес. Сондықтан бос уақытта кітап оқу арқылы миды тынықтыруға болатынын байқадым.
Жастар арасындағы кітапқұмарлықты арттыруға Сан Жорди сияқты мерекелердің де әсері бар,- дейді сарапшылар. Жалпы испандықтардың басым бөлігі кітапты ана тілінде оқиды. Ал кітапқұмарлардың көбі он мен он төрт жас аралығындағы жасөспірімдер екен. Сауалнама кезінде осы жастағылардың 86 пайызы бос уақытында кітап оқитынын айтқан. Бір қызығы 6 мен 9 жастағы балақайлардың да кітапқа деген құмарлығы байқалған, олардың 85 пайызы мектеп оқулығынан бөлек бос уақытында кітап оқуды қалыпты әдетке айналдырған.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач