Лондон мен Брюссель қаржы саласын реттеуде бірлесіп әрекет етуге келісті
ЕуроОдақ пен Ұлыбритания осындай меморандумға қол қойды.
Құжат қаржы мәселелерін талқылау үшін тұрақты екіжақты форум өткізіп тұруды қарастырады. Қос тараптың алғашқы кездесуі күзге жоспарланып отыр. Ұлыбританияның қаржы саласы Британия экономикасының 12 пайызы, яғни бұл шамамен 275 миллиард фунт стерлинг.
Мейрид Макгиннесс, қаржы тұрақтылығы жөніндегі еурокомиссар:
- Біріккен корольдік ЕуроОдақтан шыққанына біраз уақыт болып қалды. Брекситтен кейін екіжақты қарым-қатынаста қордаланған мәселе көп. Бүгінгі келісім соларды шешуге бағытталған маңызды қадам.
Джереми Хант, Ұлыбритания Қаржы министрі:
- Ұлыбритания Еуропадағы ірі қаржы орталығының бірі. Біз әлемде қаржылық тұрақтылық болғанын қалаймыз. Өз тарапымыздан қолдан келгеннің барлығын жасауға дайынбыз. Осы мақсатта ЕуроОдақпен тығыз ынтымақтастық орнатып, бірлесіп әрекет етуге келістік.