Францияда толқулар басылмай тұр

Францияда 17 жастағы жасөспірімнің қазасынан кейін толқулар басылмай тұр.

Париждің шеткі ауданында Наельді еске алу шеруі өтіп, мыңдаған адам қатысты. Жұрт полиция озбырлығына наразылығын танытты. Өткен сейсенбіде Нантер қаласында жасөспірім көлікпен кетіп бара жатып, жол тәртібін бұзады. Полицейлер тоқтатпақ болғанда қашып, тәртіп сақшылары қару қолданады. Бозбала алған жарақатынан көз жұмады. Оқиғаға қатысты баланы атқан полицей қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалған.

Ками Сила, қаланың шеткі аудандарын дамыту қауымдастығының өкілі:

- Биліктің мұндай жағдайда ұстанымы өзгермейді. Кемсітушілік әлі жойылмай келеді. Қалалардың шеткі аудандарындағы ахуал белгілі. Біз үкіметтен осы мәселені шешуді талап етеміз.

Сабрина, мұғалім:

- Адамдарды алалауды тоқтату керек. Керісінше көпұлттылық біздің мемлекеттің артықшылығы. Біз тату тәтті өмір сүріп, бірлесіп әрекет етуіміз керек.    

Франция қалаларында тәртіпсіздік тоқтамай тұр. Шерушілер полиция учаскелерін талқандап, көліктерге от қойды. Кеше қақтығыстан 170 полицей жараланып, 180 адам қамалды. Елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бүгіннен бастап қоғамдық тәртіпті қадағалауға 40 мың тәртіп сақшысы жұмылдырылды.