Э. Макрон: Наразылыққа онлайн-платформалар әсер етті
Францияда жастардың жаппай тәртіпсіздігі жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Соңғы мәлімет бойынша, қамауға алынғандар саны 1300-ден асты. Олардың дені – 14 жастан аспаған бозбалалар. 79 полицей жарақат алып, 234 ғимарат өртенген немесе қираған. Франция президенті Эммануэль Макрон елдегі тәртіпсіздікке онлайн-платформалар әсер еткенін мәлімдеді.
Жаппай қақтығыс Нантер қаласында тәртіп сақшылары 17 жастағы жасөпірімді атып тастағаннан кейін басталды. Полиция жол ережесін бұзғаны үшін жігіт тізгіндеген автокөлікті тоқтатпақ болған. Ал ол бұйрыққа бағынбай, қасақана тәртіп сақшыларын қағып кетуге әрекет жасаған. Шенділер содан кейін қару қолданған көрінеді.
Эммануэль Макрон, Франция президенті:
- Әлеуметтік желілер мен платформалар соңғы бірнеше күнде болып жатқан оқиғаларға елеулі әсер етті. Ереуілдер ұйымдастыру үшін Snapchat пен TikTok-ты пайдаланғанын көрдік. Жақын арада осы платформаларды қадағалау бойынша шара қабылдаймыз.