Грекия халқы Франциядағы шерушілерді қолдады
Грекияда жүздеген адам француздарды қолдау акциясына қатысты.
Халық Афиндағы Франция елшілігінің алдына жиналып, көрші елдегі қақтығыстарды тоқтатуды талап етті. Шараға түрлі ұлт өкілдері, коммунистік партия жетекшілері және студенттер қатысты. Жергілікті билік, шерудің бейбіт өткенін және ешқандай тәртіпсіздіктер тіркелмегенін мәлімдеді. Еске салайық, өткен аптадан бері Францияда 17 жастағы жігіттің өліміне байланысты наразылық басылмай тұр. Француздар полицияның қатыгездігін айыптап, елде қақтығыстар өршіп кеткен. Соңғы тәулікте ереуіл кезінде 160-қа жуық адам қамауға алыныпты. Қазіргі таңда наразылық шарасы бәсеңдеді. Дегенмен, сарапшылар қарсылық акциялары қайта ушығуы мүмкін деп отыр.