Индонезия ел астанасын Джакартадан Нусантара қаласына көшіруге қызу дайындалып жатыр

Оңтүстік-шығыс Азиядағы ірі экономикалық орталықтың біріне айналған осынау ел астананы көшіру ісінде Қазақстан тәжірибесіне сүйенбек.

Индонезиядағы бұл өзгерістің бірнеше себебі бар: қазіргі астанасы саналатын Джакартада халықтың тығыздығы шамадан асқан. Екінші себебі - жаңа астана орналасатын Калимантан аралының экономикалық дамуына серпін беру. Енді мемлекеттік аппарат қызметкерлері келер жылдан бастап Нусантараға қоныс аударады.

Мохамад Фаджрул Рахман, Қазақстандағы Индонезия Республикасының елшісі:

- Сіздер өз астаналарыңызды Алматыдан Астана қаласына қалай көшіргендіктеріңізді біліп, сол білімді өз астанамызды Джакартадан Нусантараға ауыстыру кезінде қолданғымыз келеді. Астананы, мемлекеттік аппаратты  қалай көшіру қажет, және ең бастысы - инфрақұрылымды қалай дұрыс дамытқан жөн? Заманауи қаланы қалай басқару қажет? Нусантара жасыл астана атауына ие. Сіздердің астаналарыңызда да жасыл белдеудің болғаны бізді шабыттандырады.

Индонезия тарапы жаңа астанасын салуға қазақстандық құрылысшыларды шақырды. Мемлекет Нусантарадағы ауқымды құрылыс жұмыстарына 35 млрд доллар қаржы құюға ниетті. Индонезия бұдан бөлек Қазақстанмен туристік бағытта да ынтымақтастықты арттырады.