Бішкекте Орталық Азиядағы су тапшылығы мәселесі талқыланды
Сарапшылар тиімді, өзара іс-әрекет болмай, тіршілік нәрін ортақ пайдалану түйткілі шешілмейді дейді.
Қырғызстан аумағындағы су қорымен өзін толық қамтамасыз ете алатын аймақтағы жалғыз мемлекет. Бірақ республика өзендер мен су қоймаларындағы су көлемінің тек 20 пайызын ғана пайдаланады. Қалған бөлігін Қазақстан мен Өзбекстан алады.Осы тұрғыда 3 елдің мүддесі ортақ.
Игорь Шестаков, саясаттанушы:
"Қырғызстанның өз су инфрақұрылымын құруға әзірге қаржылық мүмкіндігі жоқ. Бірақ бұған көмектесе алатын мемлекеттер бар. Біз Қазақстан мен Өзбекстанға су жіберіп отырмыз. Сондықтан тіршілік нәрін бір елдің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның мәселесі деп қарастыру қажет".
Қырғызстандағы Нарын су электр станциясы кеңес дәуірінен бері біріншіден суландыру, екіншіден электр қуатын беру міндетін атқарды. Қазір Қазақстан мен Өзбекстанның оңтүстік өңіріндегі егіс алқабын суару мәселесі өткір тұр. Әрі электр энергиясы жетіспейді. Кейбір сарапшылар Тоқтоғұл су қоймасын көрші елдер үшін су сақтайтын нысан ретінде пайдалануды ұсынып жатыр.
Эрнест Карыбеков, сарапшы:
"Бұл мәселенің шешімі Нарын-Сырдария өзендерінің бастауында жатыр. Суды Қаракече станциясына жинап, оны бауырлас елдер ретінде бірлесіп пайдалана аламыз".
Орталық Азияның 2 ірі өзені - Сырдария мен Әмударияның суы 2050 жылға қарай шамамен 15 пайызға төмендейді. Бұл туралы жақында Астанада өткен халықаралық форумда қазақ президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Сарапшылар су қауіпсіздігіне тығыз ынтымақтастық пен тиімді іс-шаралар арқылы ғана қол жеткізе аламыз дейді.
Ернат Мелсұлы, БаКыт Чермашев