Оңтүстік Кореяда кофе фестивалі өтті
Оңтүстік Кореяда кез келген адам кофе сусындарының жүздеген түрін тегін тұтына алады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сондо қаласында арнайы фестиваль өтіп жатыр. Көрме аясында 130 компания өз өнімдерін халыққа ұсынды.
Владислав Цой, тілші:
- Кофе – Оңтүстік Кореядағы ең танымал сусын. Орта есеппен елдің әрбір ересек тұрғыны күніне 1-2 кесе ішеді. Кофе сусын түрлерінің ішінде ең танымалы – мұзы бар американо.
Оңтүстік Корея бұл сусынды ең көп тұтынатын 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Елде өткен жылы 1 миллиард 300 миллион долларға кофе импортталған. Бұл жылдағы көрсеткіштен 42% артық. Мұндай үлкен нарық өндірушілерді қызықтырып отыр. Көрмеге 20-дан астам елдің өкілдері қатысты. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 500-ге жуық ең жақсы бариста кофені дайындау, қуыру және дәмін тату бойынша сайысқа түсті.
Ку Джун Мо, Корея тағам академиясының оқытушысы:
- Бариста байқауы 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Қатысушылар дәндерді қуырып, кофе дайындады, оның дәмін қазылар алқасы бағалады. Сондай-ақ бариста кофе атын дәміне қарай анықтады.
Кофе жүрек соғысын жиілетіп, ұйқысыздыққа әкелетін сусын екені белгілі. Сондықтан нарықта кофеинсіз кофе шығарылды және женьшеннен жасалған латте сусыны пайда болды.
Со Ен Чоль, шаруа:
- Мен женьшеньді өңдеймін. Оны сүтпен араластыру арқылы кофеинсіз дәмді женьшень латте жасалады. Бұл өнім Кореяда алғаш рет жасалған және әлемде мұндай өнім жоқ. Корейлер женьшеньді жақсы көретіндіктен, бұл сусын танымал. Женьшеньді бір апта бойы қабылдасаңыз, шаршамайсыз. Әрі иммунитетті көтереді.
Қазақстанда әдетте тамақтан кейін сүт қосылған шай ішетін болса, Кореяда тамақтан кейін кофе ішу дәстүрі бар. Бұл сусын қызметкерлерге, келушілер мен қонақтарға тегін ұсынылады. Сондықтан сарапшылардың болжамы бойынша, корейлік кофе нарығы одан әрі өседі. Бұл кофе машиналарын өндірушілер арасындағы жоғары бәсекелестік туғызып отыр.