Еуропа тұрғындары аптап ыстықтан қиналып жатыр
Шілденің шіліңгір ыстығынан 60 мыңнан астам жапа шекті.
Шанхайда шыжғырып тұр күн төбеден. Қаладағы температура Цельсий шкаласы бойынша 37 градусқа жетті. Жергілікті билік қауіптің қызғылт сары деңгейін жариялады. Туристер мен жергілікті тұрғындар қолшатыр, күннен қорғанатын крем, желдеткіш қолданса да, аптап ыстыққа шыдау мүмкін емес дейді.
Ван Сюань, Шанхай тұрғыны:
- Мен, тіпті, қолшатырдың астында ыстықтан қиналамын. Жылу жердің астынан тікелей шығып жатқан сияқты. Мұндай температураға мүлдем үйренбегенмін.
Кәрі құрлық та қызып тұр. Былтыр жазда басталған орман өрті, биыл да өршіп тұр. Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен күн, түн демей күресіп жатыр. Әсіресе, Италия мен Испанияда термометр бағаны 40 градустан асқан. Тіпті кейбір аудандарда 44 градус ыстықты көрсетіп тұр. Жергілікті билік далада жұмыс істеуге уақытша тыйым салды.
Маркос Винисиус, Испания тұрғын:
- Түсте далаға шығу мүмкін емес. Көбіне үйден шықпай отыруға мәжбүрміз.
Марика Дессо, Италия, турист:
- Диплом алу үшін Римге келдім. Қала өте ыстық. Тоқтамай су ішіп жатырмыз.
Былтыр жазда Еуропадағы ыстықтан 61 мың адам көз жұмды. Бұл туралы Nature Medicine журналы жариялаған ресми зерттеуде айтылған. Адамның дене қызуы 40 градустан асса , салқындату қабілеті жоғалады. Салдарынан, жүрек шыдамай тоқтайды. Әсіресе, бұл созылмалы аурулары бар және егде жастағы адамдар үшін қауіпті. Қазір Италия мен Испанияның билігі тұрғындарға үйден шықпауға кеңес береді. Ыстықпен күресудің бұдан өзге амалы жоқ секілді.
Авторы: Сымбат Ғалымжанқызы