АҚШ пен Мексикада аптап ыстықтан пана іздегендер көбейді
«Күн ысыса, кең әлемге сыймаймыз». АҚШ пен Мексикада күн райының қатты қызуына байланысты үйсіздер көмек сұрап жатыр.
Шілденің шіліңгірінде олар үшін үкімет тарапынан арнайы жағдайлар қарастырылған. 51 градус аптапта күн көзінен панасыздарды қорғау туралы Сымбат Ғалымжанқызы тарқатады.
Бұл – Кевин Хендершот. 47 жастағы Аризона тұрғыны соңғы 25 жыл «үйсіз» статусында өмір сүріп жүр. Күн ысыса болды, кірерге жер таппай қиналатын – «алдымен біз», - дейді ол.
Кевин Хендершот, Аризонаның үйсіз тұрғыны:
- Маусым айында қатты ыстық болған кезде мен бетонның үстінде ұйықтап қалып, 3-дәрежелі күйік алдым. Суды көп ішсем де, ыстықтан сақтансам да, қолымды күйдіріп алдым.
АҚШ билігі аптап ыстықта үйсіздерді қорғауды қолға алды. Өйткені сынап бағанасы 40 градустан асқан соң, сусыздану я үшінші дәрежелі күйікке шалдығу оңай, - дейді дәрігерлер. Ал Аризона штатында ауа температурасы 14-ші күн қатарынан 43 градустан түспей тұр. Үйсіздерге көмек көрсету бағдарламасына сәйкес қазір бұл категориядағы адамдарға медициналық көмек тегін көрсетіліп жатыр.
Марк Буэно, дәрігер:
- Қазіргі уақытта мобильді клиникада көп адам күйікпен түсіп жатыр. Сондай-ақ дегидратацияға шалдыққандар бар. Науқастар саны күн санап артып жатыр.
Сынап бағанасы 51°С жетті
Ал көрші Мексикада сынап бағанасы 51 градусқа жетті. Тәулік бойы сақталып тұрған мұндай ыстықта далаға шығу мүмкін емес, - дейді тұрғындар. Әсіресе елдің солтүстік-батысында күннің көзі күйіп тұр. Жергілікті билік өкілдері мен еріктілер үйсіздерді ыстықтан аман алып қалу үшін су және ауызша регидратацияға арналған тұз пакеттерін таратып жатыр.
Аарон Гомес, үйсіздерге арналған баспана басшысы:
- Біз үйсіздерді медициналық көмекпен, сумен, жуынатын бөлмемен, қажет болған жағдайда киіммен қамтамасыз етеміз. Бүгінгі таңда 1534 адамға көмек көрсеттік. Олар әдетте 10:00-ден 13:00-ге дейін, содан кейін 16:00-ден 18:00-ге дейін келіп, демалып алады.
Мексиканың автономды ұлттық университеті жариялаған деректерге сәйкес алдағы тәулікте жылу толқындары соққы беруі мүмкін. Сондай-ақ биыл үйсіздер мәселесінен бөлек, құрғақшылыққа байланысты елдің бірнеше маңызды секторы әлсірейді, - дейді сарапшылар.
Айта кетерлігі, АҚШ биыл алғашқы жарты жылда-ақ табиғат апаттарынан 12 миллиард доллар шығын көріп үлгерді.
Авторы: Сымбат Ғалымжанқызы.