Украинада мұнай өнімдері қымбаттап барады
Украинада бензин бағасы қымбаттап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұған ел үкіметінің шілдеден бастап мұнай өнімдеріне толыққанды салықтарды қайтару туралы шешімі себеп болған. Кейбір жанармай құю бекеттерінде сапасы нашар бензин сатылып, 20-дан астам көлікке зақым келген.
Украинадағы ең ірі жанармай құю бекеті сапасыз бензин сатып, дауға қалды. 20-дан астам көлік бекеттен ұзап кете алмай, тура тасжолда бұзыла бастаған. Жүргізушілер оқиға орнында даурығып, бірі эвакуатар, бірі полиция шақырып, жанармай құю бекетін жазаға тартуды сұраған.
Көлік жүргізуші:
- Мен көлігіме Львовтан шыға берісте орналасқан жанармай құю бекетінде бензин құйған едім. Станциядан 300 метрдей жүргеннен кейін көлігім тоқтап қалды, таблода ескерту көрсетілді. Мен секілді тағы 10 шақты жүргізушіні көрдім, мәселе сапасыз жанармайда екенін түсіндік.
Бензин дауын тудырған жанармай құю бекетінің басшылығы техникалық ақау болғанын айтып ақталды. Нақты себеп: А-95 бензині бар цистернаға су құйылып кеткен. 20-дан астам көлікке келген шығынды компания өтейтін болды. Жалпы бірінші шілдеден бастап Украинада мұнай өнімдеріне қатысты шу ушығып барады. Өйткені ел үкіметінің мұнай өнімдеріне толыққанды салықтарды қайтару туралы шешімі күшіне енді.
Александр Сиренко, Украина мұнай нарығының сарапшысы:
- 1 шілдеден бастап Украинада салықтар қайтарылды. Бұл – бензин мен дизель отынының акциздік мөлшерлемесі. Сондай-ақ қосымша құн салығы да қайтарылды, яғни 7-ден 20% дейін көтерілді. Әрине, баға нарығына бірден әсер етті, жанармай құю станцияларында 1 литр бензин орта есеппен 5 гривенге қымбаттады, бұл шамамен 10%-тен асады.
Мұнай өнімдерінің бағасы айдың аяғында 11 гривень, біздің ақшамен 133 теңгеге көтеріледі, - деп болжайды нарық мамандары. Өйткені жанармай құю бекеттерінің қоры түгесілген жоқ. Бір айдан кейін бензин құрылымына жаңа салық әсер етіп, бекеттердегі баға шарықтайды.