Оңтүстік Кореяда орман өрті көбейді
Оңтүстік Кореяда орман өрті жиіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өртке қарсы ұлттық ақпараттық жүйенің мәліметінше, биылғы 4 айда елде мыңнан аса орман өрті тіркелген. Бұл өткен жылғы осы уақыт аралығымен салыстырғанда 10%-ке артық. Кореяның өртті зерттеу қауымдастығы әлем елдерінде орман өртінің көбеюін жаһандық жылынумен байланыстырады.
Былтыр осы табиғат апатының алдын алу мақсатында заңдарға өзгерістер енгізілген. Онда орман алқабына 100 метр қашықтықта кез келген қоқысты жағуға тыйым салынған. Ережені бұзғандар 1 миллион вон, яғни 350 000 теңгеден аса айыппұл төлейді. Ормандағы температураны ақылды камералар мен дрондар тәулік бойы бақылап отырады. Жалын байқалса, автоматты түрде құтқару қызметіне хабарланады.
Ким Гван Сон, Кореяның өрттерді зерттеу қауымдастығының президенті:
- Бізде аумақтың 70% таулы және ол жерлерде қураған талдар көп. Сондықтан мұндай аудандарда өрт те жиі болып тұрады. Соңғы 10 жылда 470 өрт тіркелді. Қамысы көп орманды алқаптарда өрттің шығу ықтималдығы жоғары. Сондықтан күн ыстық болғанда туристердің мұндай орындарға баруына тыйым салынған. Ал жай күндері саяхаттағанда тамақ әзірлеп, темекі шегуге болмайды. Бұл ережелерді бұзған үшін айыппұлдар қарастырылған.