Украина халқы берешекке белшеден батты
Украинада банктен қарыз алып, қайтара алмай жүргендердің қарасы артты.
Ресми статистика әр үшінші азамат берешегін төлей алмайтын жағдайда —деген мәлімет таратты. Жоғарғы рада депутаттары болса, микрокредиттер бойынша мөлшерлемені бес есеге төмендетіп, арнайы заң қабылдауды ұсынды.
Светлана Шевченконың банктерге қарызы бар. Ай сайын әупірімдеп жүріп берешегін өтеп жүр. Айыптан ғайып табысымнан айырылсам, коллекторлар мүлкімді алып кете ме —деп қорқады.
Светлана Шевченко, борышкер:
- Екі апта бұрын қарызды қайтармағаны үшін коллекторлар құрбымның көлігін күшпен тартып алды. Менің де қарызым бар. Қарапайым халыққа осынау қиын кезде көмекке келу үшін банк пен мемлекет бірігіп, оңтайлы шешімге келеді деп үміттенеміз. Жағдайы төмен адамдар үшін арнайы жеңілдік берілсе мәселе ушықпас еді.
2021 жылы украиналықтар кредит алу бойынша рекордты жаңартып, 50 млдр гривень несие рәсімдеген. 2022 жылы Украина үкіметі “несие каникулын” енгізгенде, ондаған қаржы ұйымдары дағдарысқа тап болды. Жоғарғы Раданың қаржы, салық және кеден саясаты жөніндегі комитеті: несие бойынша күнделікті номиналды мөлшерлемені бестен бір процентке төмендету қажеттігін ұсынды. Ал қаржы ұйымдары мұндай заң банктерді одан әрі тығырыққа тірейді деп отыр.
Лена Хомченко, кәсіпкер:
- 5 проценттік несие депутаттар даурығатындай жағдай емес. Өздеріне жарнама жасай бермей, кәсіпкерлерді де ойлағандары дұрыс. Онсыз да қаржы ұйымдарына қарызды қайтармағандардың үлесі артып барады.
Жарты жылдықта Украинада қайтарылмаған қарыз көлемі 8,7 миллиард гринды құрады. Ал былтырғы берешек 5 млрд грн болған еді. Егер жағдай ушыға берсе, қаржы ұйымдарының қарызды қайтаруы қиындай түспек.
Авторы:Аида Қыдырбай