БҰҰ: Климаттың өзгеруінен миллиондаған адам аш қалуы мүмкін. Шартарап
БҰҰ осылай деп дабыл қаққанына аз уақыт болған жоқ.
Әсіресе кейінгі кездері жаһандық жылынудың әсері айқын сезіліп отыр. Көп елде күн күрт ысып, фермерлердің жинайтын өнімі азайды. Осыған байланысты күріштің әлемдегі екінші ірі өндірушісі – Үндістан экспорқа шектеу қойды. Демек алдағы уақытта бұл өнім қымбаттауы мүмкін. Әлемде бидай мен жүгері бағасы да күрт өсіп кетті.
Бидай бағасы шарықтады
Әлемде бидай бағасы күрт қымбаттап кетті. Осы аптада оның құны 11%-ке өскен. Оған Ресейдің астық келісімінен шығуы әсер етті. Уағдаластық аясында Украина порттарынан миллиондаған тонна азық-түлік өзге елдерге тасымалданып отырған. Соның арқасында кейінгі 1 жылда бидай бағасын тұрақты ұстап тұру мүмкін болды. Енді дәнді дақыл күрт шарықтады. Бұған ауа райының қолайсыздығы да әсер етіп отыр. АҚШ-та жаңбыр аз жауып, бидай қоры кейінгі 10 жылда тіркелмеген межеге дейін төмендеген. Ресейдің Новосібір облысында да осы құрғақшылық кесірінен өнім 30-40%-ке аз жиналуы мүмкін деген қауіп бар. Өңірде биыл көктемнен бері күн құбылмалы. Әуелде аномальды суық болса, маусымда, керісінше, күрт ысып кетті.
Александр, механизатор:
- Күн күрт ысығанда бидай қарайып кетеді. Жаңбыр жаумағанда, өздеріңіз көріп тұрғандай, өнім жинағанда шаң көп болады. Мұның бәрі сапаға әсер етпей қоймайды.
Күріш еккендер шығынға батты
Бидайдан бөлек, күріш те қымбаттауы мүмкін. Оның әлемдегі екінші өндірушісі Үндістанда кейінгі 10 күнде баға 20%-ке өскен. Бұған дейін елде күн қатты ысып кетсе, қазір жаңбыр басылар емес. Сондықтан билік күрішті экспорттауға тыйым салды. Әлемде бұл өнім өндірісінің 40%-і осы Үндістанға тиесілі. Сондықтан сарапшылар шектеу жаһандық нарыққа кері әсер ететінін айтады. Әсіресе көрішелес Непал мен Бангладешке, сондай-ақ Африканың біраз еліне оңайға соқпайтын түрі бар. Үндістаннан бөлек, ауа райының қолайсыздығы Таиланд фермелерін де шаш етектен шығынға батырды.
Рависак Ваничжаквонг, Күріш экспорттаушылар қауымдастығының директоры:
- Эль-Нинью құбылысының салдарынан Индонезия, Филиппин, Үндістан мен Таиландтың ауыл шаруашылығы зиян шегіп отыр. Бұл құбылыс кезінде жаңбыр аз жауады, тиісінше қуаңшылық қаупі арта түседі. Осыған байланысты биыл және келер жылы күріш өндірісі айтарлықтай қысқаруы мүмкін.
Қуаңшылық еуропалықтарды да әбігерге салды. Мұнда былтыр да, биыл да рекордтық температуралар тіркеліп отыр. Соның салдарынан кәрі құрлық аумағының 42%-інде жердің құрғап кету қаупі төніп тұр. Ал бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің аз жиналуына әсер ететінін айтпаса да түсінікті.