БҰҰ бастамасымен Йеменде 8 жылдан бері тұрған кеменің мәселесі шешілді

Сыйымдылығы үш миллион баррельдік танкердегі қара алтын қоршаған ортаға қауіп төндірген еді.

Тозығы жеткен су көлігіндегі мұнай теңізге төгілсе, бұл әлемдегі ең үлкен экололгиялық апатқа әкелуі мүмкін еді.

Йемен жағалауында 8 жылдан бері алып танкер тұр. Оған 1 миллион жүз мың баррель мұнай тиелген. Жалпы үш миллион баррель сиятын Сейфер танкері Йемен үкіметінің тапсырысымен 1974-жылы Жапонияда салынған болатын. 1988-жылдан бері оны қойма ретінде пайдалана бастады. Алайда 2014-жылы Йеменде азаматтық соғыс басталғаннан кейін, оған ешкім қарамай, тиісті техникалық тексеріс өткізілмеген. 

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

- Осы міндетті ешкім атқарғысы келмегендіктен, БҰҰ қиын жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Мұнайды өзге танкерге тиеп жатыр. Бұл істі аяқтауға тағы да 20 миллион доллардай қажет. Оған Сейфер танкерін тазарту және Қызыл Теңізге төнген экологиялық апаттың алдын алу жұмыстары кіреді.

БҰҰ 121 миллион доллар жинап, 30-мамырда экологиялық апаттың алыдан алуға кірісті. Танкер сатып алып, тиісті мамандарды жалдап, Сейфер кемесінің техникалық жағдайын тексерді. Ал жуырда мұнайды өзге танкерге тией бастады. Ішіндегі қара алтынды құйып алу үшін 19 күн кетеді.

Ахим Штайнер, БҰҰ даму бағдарламасының әкімшісі:

- Бүгін таңертең құрылғыларды қостық. Сейферден жаңа танкерге құбыр тартып, оған мұнайды тией бастадық. Соңғы бірнеше айда бұл өте күрделі іс екенін көрдіңіздер. БҰҰ Йеменде жауласқан тараптармен келіссөздер жүргізіп, мәмілеге жетті.

Сарапшылар тозған танкер жарылуы немесе бөлшектеп бұзылуы мүмкін деп ескерткен. Егер мұнай теңізге төгілсе, бұл алапат апатқа әкеледі. Қызыл теңіздегі бүкіл тіршілік иесі қырылады. Жүздеген мың балықшы табыссыз қалады. Сондай-ақ, Қызыл Теңіздегі ірі айлақтар жабылып, гуманитарлық дағдарысқа ұласуы мүмкін.

Авторы: Бекболат Тұрмаханов