Германияда ауа райы аномальді болып тұр
Әлем елдерінде орман өрті, су тасқыны, аномальді ауа райы жиі тіркелетін болды.
Грекия, Германия, Италия, Түркиядағы орман өрттерінен кейін жаһандық жылыну қайта қызу талқылана бастады. Сарапшылар бұған климаттық өзгерістер себеп деп отыр. Ал экологтар шұғыл шаралар қабылдау қажет дейді.
Осы аптада Германияда аномальды ауа райы тағы тіркелді. Жаз ортасында Бавариядағы Альпі тауында қалың қар жауды. Ал Германияның солтүстігінде аптап ыстықтан орманды алқаптар қурап жатыр. Оның үстіне су тасқынынан ағаш қабығын кеміргіш қоңыз көбейіп, талдарды отауға кіріскен. Зиянкестер Гратц ұлттық паркінде орманның үштен екісін жойып жіберді.
Ральф Екель, орманшы:
- Парктегі орманды әлі де сақтап қалуға болады деп ойлаймын. Бірақ жағдай барған сайын қиындап барады. Талдардың көбі қурап кетті. Бұрын көктемде жаңбыр жиі жауушы еді. Қазір сиреп кетті. Бізді осы қатты алаңдатады.
Климаттық өзгерістерден ормандар ғана емес өзен-көлдер де зардап шегіп жатыр. Германиядағы кемелер жүретін ең ірі өзен Рейн тартылып, таязданды. Елде өзендермен жүк тасымалдаудың 80 пайызы осы өзенге тиесілі болған. Ахуал табиғатты қорғаушылармен бірге кәсіпкерлерді де алаңдатып отыр.
Барбара Хойер, BASF компаниясының вице-президенті:
- Біздің компания Рейн өзеніне тәуелді. Өйткені кәсібімізге қажетті шикізаттың көп бөлігін осы өзен арқылы тасымалдаймыз. Теміржол сияқты басқа көлік түріне ауысу өте қиын.
Германия жасыл энергетикаға ден қойып жатыр. Мемлекет алдағы онжылда ауаға көмірқышқыл газын шығаруды мүлдем жтоқтатуды көздеп отыр. 2030 жылға таман парниктік газды 65, ал 2040 жылы 88 пайыза қысқартуды мақсат етеді.
Дәурен Ақашұлы, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский