Британия «елірткіш газды» есірткіге теңеуді ұсынды
"Елірткіш газды" есірткіге теңеу керек.
Кейінгі уақытта британдық депутаттардан осындай ұсыныс жиілеп кеткен. Өйткені азот тотығын көңіл көтеру үшін қолданатын жастар қатары көбейген. Бірақ мамандар оның адам денсаулығына кері әсерін көбі біле бермейтінін айтады. Нидерландта бұл затты қолдану салдарынан жол-көлік апаты жиілеген. Сондықтан билік шектеу енгізді.
Еуроодақта "еліткіш газға" ең алғашқы болып тыйым салған ел - Нидерланд. Тиісті заң биыл қаңтарда күшіне енді. Сөйтіп азот тотығын тек медицина, тамақ өнеркәсібі мен мен технологиялық секторда ғана қолдануға болады. Бұл мәселе бұрыннан бері көтеріліп келген. Өйткені оны пайдалану адам ағзасында В12 дәруменінің тапшылығын тудырып, неврологиялық ауруларға себеп болуы мүмкін. Қарсы тарап газдың адам денсаулығына кері әсерінен бөлек өзге де кемшіл тұстарын алға тартып келді. Мысалы, бұл затты пайдалану салдарынан 3 жыл ішінде 2 мыңға жуық ірі жол-көлік апаты тіркелген екен.
Ұлыбританияда 2001-2016 жылдар аралығында "еліткіш газды" қолданған 36 адам көз жұмған. Елде оған әсіресе 16-24 жас аралығындағы тұрғындар көп қызығады. Сауалнамаға сәйкес, әрбір оныншы жас британдық азот тотығын қолданғанын мойындаған. Өйткені ол қолжетімді. Әрі бағасы да арзан. Сондықтан үкіметтегілер оны тек медициналық мақсатта және тамақ өнеркәсібінде ғана пайдалануға рұқсат беретін заң қабылдауға шақырып отыр.
Ал көрші Ресейде "еліткіш газды" 2021 жылдан бері қолдануға болмайды. АҚШ-тың құзырлы органдары оған қатысты ескерту жасады. Мамандар азот тотығын дұрыс пайдаланбаса адамның қан қысымы көтеріліп, қаназдыққа шалдығады дейді. Тіпті жүрек ұстамасына әкеп соғуы мүмкін. Ал Еуропадағы есірткіні бақылау орталығының дерегіне сүйенсек, "еліткіш газды" қолдануға байланысты улану дерегі жиілеп кеткен. Атап айтсақ, кейінгі жылдары Данияда ондай оқиғалар саны 5 есе, ал Францияда 10 есеге артқан.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева