Ердоған Ресейді астық келісімін ұзартуға шақырды
Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған Ресейді астық келісімін ұзартуға шақырды.
Ресей басшысымен телефон арқылы сөйлескен түрік көшбасшысы Киев пен Мәскеу үшін Қара теңіз бастамасын жалғастыру маңызды деп мәлімдеді. Сондай-ақ Ердоған астық келісімінен бас тарту кедей елдерге үлкен зардап әкелетінін ескертті. Қазірдің өзінде әлемдегі астық бағасы 15 пайызға қымбаттаған. Айта кетейік, астық келісімі Ресей, Украина, Түркия мен Біріккен Ұлттар Ұйымының бірлескен жобасы. Украина бидайы Мәскеудің бақылауындағы теңіз айлақтары арқылы әлемдік нарыққа шығады. 17 шілдеде Кремль бұл келісімнен шығып, Украинаның сауда кемелерін тоқтатып тастады. Біріккен Ұлттар Ұйымы мұның соңы миллиондаған адамның аш-құрсақ қалуына әкеп соқтырады деп алаңдап отыр.