Әлемде темекімен күрес тиімсіз болып тұр
Шылым шеккендерді тыятын ел әлемде жоқ.
Сол да себеп пе әйтеуір темекі түтініне әуес адам көп. Әсіресе жастар.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарын сақтап отырған елдер санаулы ғана. Бұл қай елдер?
Жыл сайын шылым шегуден 8 жарым миллионнан аса адам көз жұмады. Соның бір жарым мыңы пассивті шылым шегуден, яғни түтіннің жанында жүріп қайтыс болады. Бірақ бұл жантүршігерлік статистиканың өзі жаман әдеттен арылуға көмектеспей отыр. Кісі өлімі мен адам денсаулығына кері әсерін азайту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арнайы шаралар қабылдаған. Бұл тек ұсыныс қана. Демек ешкімді міндеттей алмайды. Сол ұсынысты толықтай 4 ел ғана орындаған. Бұл Бразилия, Түркия, Нидерланд мен Маврикий. Тағы 8 мемлекет осы тізімнен көрінудің аз-ақ алдында тұр. Соның қатарында Жаңа Зеландия да бар. Бұл мемлекетте 2009-жылдан кейін дүниеге келген азаматтарға енді темекі сатылмайды. Әлемнің бірде бір елінде ондай заң жоқ. 2025-жылға таман ол өзін шылымнан азат мемлекет ретінде жарияламақ. Швеция билігінің де осындай ниеті бар. Бірақ өзге елдердегі ахуал алаңдатарлық. Сөйтіп бүгінде жаман әдетке қарсы шаралар қабылданбай, 2 жарым миллиард адам осл топқа кіріп отыр.
Дуглас Беттчер, ДДСҰ өкілі:
"Әлемде тек 4 елде ғана қажетті талаптың бәрі орындалған. Мысалы, қоғамдық және жұмыс орнында шылым шегуге рұқсат берілмейді. Темекі өнімдеріне көп салық салынады. Ондай тауардың жарнамасы толықтай бұғатталған. Және тағы бір маңызды мәселе. Аталған төрт мемлекетте бұл әдеттен арылу үшін тегін емдеу жүйесі де қарастырылған."
Мамандарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе - электронды темекі. Сол себепті Австралия билігі оған тыйым салу туралы заң жобасын қабылдады. Енді ереже жыл соңында күшіне енеді. Негізі мұнда шылым шегушілер онша көп емес еді. Алайда кейінгі жылдары ондай адамдар артқан. Әсіресе жастар жетерлік. 2018-жылы кәмелетке толмағандардың 2 проценті электронды темекіге құмар болса, бүгінде ондай жеткіншектер саны 3 есе өскен. Биліктің тиісті заң қабылдауы да осыдан. Енді бірнеше айдан кейін Австралияда 18-ге толмағандарға электронды темекі сатылмайды. Өзгелеріне оны тек дәріханадан ғана алуға рұқсат. Бұдан бөлек алдағы 3 жылда темекі өнімдеріне салынатын салық жыл сайын 5 пайызға көтеріліп отырады.
Бекки Фриман, Сидней Университеті қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің өкілі:
"Электронды темекіні көп тартатындар қатарында 13 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер бар. Өйткені түрлі-түсті қаптамалары оларды қызықтыратындай етіп жасалған. Сосын жастар бұл өнімнің кері әсерін жете бағаламай жатады. Олар электронды темекі денсаулыққа соншалықты зиян емес деп санайды. Алайда зертханалық тәжірибелердің нәтижесіне сүйене отырып, біз онда никотиннің мөлшері жоғары екенін айта аламыз. Зиянды ауыр металдар да бар. Болашақта балаларымыздың күні не болады? Сондықтан қазірден бастап қатаң шаралар қабылдау керек боп тұр."
АҚШ-та да электронды темекіні тартатын жастар көп. 2020-жылмен салыстырғанда былтыр ондай жасөспірімдер саны бір жарым есеге артқан. Мұнда кейінгі уақытта сондай-ақ балалардың никотиннен улану оқиғалары да жиілеп кеткен. Осындай 6700 дерек тіркелген. Осы АҚШ-пен көршілес Канадада шылым шегумен тиімді күрес жүргізу үшін оның зияны туралы қаптамада ғана емес, енді темекінің әрбір данасында жазылатын болады. Келер жылдың жазынан бастап өндірушілердің бірі қалмай тиісті таалпқа бағынуы тиіс.