Адамзат тарихындағы ең ыстық шілде. Шартарап

Биылғы шілде адамзат тарихындағы ең ыстық ай болып тіркелді.

Бұған дейінгі рекорд 2019 жылға тиесілі. Табиғаттың тосын мінез танытуына  климаттың өзгеруі себеп, - дейді ғалымдар. Қазір Еуропада, одан қалса Америка да күн күйіп тұр.

Еуропа мен АҚШ-тан бөлек климаттың өзгеруінің салдарынан Антарктидада өлшемі әлемдегі ең үлкен аралдың ауданындай болатын мұз еріп кетті.

 

Адамзат тарихындағы ең ыстық шілде

Өткен айда жер бетінде ауа температурасы 1850-1900 жылдар аралығындағы уақытпен салыстырғанда 1,5 градусқа жоғары болған. Аптап ыстықтың салдары әсіресе Еуропаның оңтүстігінде қатты сезілді. Мұнда әлі де күн жанып тұр. Испанияда ыстықтың үшінші толқыны басталды. Ол бір аптаға созылуы тиіс. Кейбір жерде температура 44 градусқа дейін жетеді деп ескертілді. Тиісінше орман өртінің қаупі де артып отыр. Биыл онсыз да елде 70 мың гектардан аса алқап өртеніп кеткен.  

Рубен Дель Кампо, ауа райын болжау агенттігінің қызметкері:

- Алдыңғы екеуімен салыстырғанда бұл жылу толқынының ұзаққа созылатын түрі бар. Бұған дейін ол құбылыстан Периней түбегінің оңтүстігі ғана зиян шеккен. Осы жолы салдарын түбектің өзге өңірінің халқы да сезінеді. Орманның өртену қаупі тым жоғары. Көрші Португалияда да осындай ескерту жарияланды. Кішкентай балалар, қарт кісілер мен созылмалы аурулары бар тұрғындарға сақ болу керек. Мынадай ыстықта мүмкіндігінше тысқа шықпауға тырысыңыздар.

 

Ауруханалар лық толды 

АҚШ-та да күн шыжып тұр. Аптап ыстық салдарынан ел экономикасына 100 миллиард доллар шығын келген. 2030 жылға таман ол сан 2 есе артуы мүмкін. Қазір әсіресе Аризона штатының астанасы Феникс қаласының тұрғындарына оңайға соқпай отыр. Мұнда шілдеде 50 жыл бұрынғы температуралық рекорд жаңартылды. Күндіз термометр бағанының 40 градустан төмен түспей тұрғанына біраз болды. Феникс халық саны бойынша АҚШ-та бесінші ірі қала саналады. Мұнда 1,5 миллионнан аса адам тұрады. Шаһарда жыл бойы күн жылы болады. Сонысымен туристер үшін де қызық. Зейнеткерлер де осы жерде өмір сүрген қолайлы деп санайды. Алайда бұл жолғы аптап ыстық салдарынан сол қарт кісілер ауруханаға жиі түсіп жатыр. Шілдеде 39 адам қайтыс болған. Тағы 300 өлімнің аптап ыстыққа қатысты ма, жоқ па – қазір осы жағы тексеріліп жатыр.

Франк Ловеккио, дәрігер:

- Мен мұнда 1996 жылдан бері тұрамын. Бірақ мындай жағдайды алғаш көруім. Биыл ең ыстық жыл болған шығар. Ауруханаға күніне 3-4 адам келіп түседі. Ауа температурасы көтерілгенде аурулар қозып кетеді. Мысалы, қант диабеті бар адамдардың жағдайы нашарлайды. Жүрегі ауыратындарда да солай. Сондықтан қазір жүздеген адамның нақты неден көз жұмғанын анықтау керек боп тұр. Коронавирус пандемиясы кезіндегей қазір ауруханалар науқасқа лық толы. Кейбір тұрғындарда кондиционер орнатылмаған. Үй-күйі жоқ қаңғыбастардың жағдайы тіптен қиын. Далада жұмыс істейтін адамдардың да сақ болғаны жөн.

 

Антарктидада мұздықтар еріп жатыр

Климаттың өзгеруінің салдарынан Антарктида кейінгі уақытта температуралық рекордтардан көз ашпай кетті. Шілдеде мұнда мұздықтардың ұзындығы былтырмен салыстырғанда 10%-ке азайған. Ғалымдар сұмдықтың бәрі әлі алда дейді. Олар тамызда да жаңа рекордтар тіркелуі мүмкін дейді. Қазір Антарктидада қыс мезгілі. Әдетте бұл уақытта суда қалқып жүретін мұздың ауданы тез ұлғаю керек. Алайда биыл олай болмады. Соның салдарынан ауданы әлемдегі ең үлкен арал Гренландиядан асып кететіндей мұз еріп кеткен.

Мартин Зигерт, ғалым:

- Антарктиданың шығысындағы мұз қабатының төңірегінде температура минус 50 градус болу керекттін. Алайда бірнеше күн бойы небәрі минус 10 градус қана тіркеліп отыр. Антарктида күн сәулесін шағылдырып, бізді ыстықтан қорғайды. Алайда бетіндегі қар мен мұз еріп кетсе, сәуле жұтылады да, күн ыси бастайды. Мұның салдары қандай ауыр екенін түсініп отырған шығарсыздар. Антарктида жер бетіндегі ауа температурасын төмендету керек. Алайда мына түрімізбен ол керісінше жаһандық жылынуды жылдамдатып жіберуі мүмкін.

Ғалымдар климаттың өзгеруінің салдары біз ойлағаннан да ауыр болуы мүмкін екенін айтады. Бұл ретте сұмдықты болдырмау үшін ең бастысы ауаға бөлінетін көмір қышқыл газының мөлшерін азайту керектігін тағы да еске салады.