АҚШ-та банктердің несие алу мүмкіндігі төмендеді
Жақында ғана АҚШ-тың несие рейтингі төмендеп, қор нарығы бұл жаңалықтан кейін енді есін жинай бастағанда, "МУдис" халықаралық агенттігі жергілікті банктердің несие алу мүмкіндігін төмендетіп тастады.
Еуропалық қаржы мекемелері де қымбатшылық кесірінен миллиардтаған еуродан қағылды. Ал Қытай экономикасы инфляция емес, керісінше дефляцияға тап болып, жұмыссыздық мәселесін ушықтыруы мүмкін.
Америкалық 10 банктің несие рейтингі төмендеді. Бұл шағын және орта қаржы мекемелері. Ол Мудис халықаралық рейтинг агенттігінің берген бағасы. Алдағы уақытта АҚШ-тағы тағы бірнеше ірі банктің де осындай қиындыққа тап болуы ғажап емес. Халықаралық агенттік қазір олардың несие алу мүмкіндігін тексеріп жатыр. Сарапшылар мұның бірнеше себебі барын айтады. Бұл қаржыландыруға қатысты қиындықтар, капитал аздығы және коммерциялық жылжымайтын мүлікке байланысты қауіп-қатерлер. Бұған дейін Фитч агенттігі де АҚШ-тың несие рейтингін төмендеткен еді. Америкалықтар 1994 жылдан бері бұл сатыда ең жоғары орынды сақтап келген болатын. Көрсеткіштің төмендеуіне пайыздық мөлшерлеменің өсуі, мемлекеттік қарыздың ұлғаюы және бюджет тапшылығы секілді факторлар әсер еткен.
Италияла банктер 10 млрд еуродан қағылды
Италия банктерінің де жағдайы мәз емес. Қазір Еуропада ифляция өршіп тұр. Оны тежеу үшін Орталық банктер пайыздық мөлшерлемені көтеруде. Италияда да осылай болды. Бұдан жергілікті банктердің табысы айтарлықтай артқан. Бірақ осыдан кейін билік бұл мекемелердің үстеме пайдасына 40 пайыздық салық салды. Салдарынан олар 10 миллиард еуродан қағылған. Үкімет салықтан түскен ақшаны несиесі көп үй шаруашылықтары мен кәсіпорындарға көмекке жаратпақ.
Қытай экономикасы дефляцияға ұшырады
Еуропа елдері инфляциямен арпалысып жатса, Қытай экономикасы керісінше дефляцияға тап болды. Шілдеде азық-түлік 2 пайызға арзандаған. Ал қызмет көрсету құны керісінше өскен. Бұл сұраныстың төмен екенін білдіреді.. Мұның экономикаға салдары ауыр болуы мүмкін. Өйткені жергілікті компанияларға өндіріс көлемін азайтуға тура келеді. Ал ондай жағдайда басшылар лажсыз жұмысшылар санын қысқартуға мәжбүр болады. Демек жұмыссыздар көбейеді деген сөз. Шығысымыздағы көрші елде онсыз да екі қолға бір күрек таппай жүргендер жетерлік. Коронавирусқа қатысты шектеулер алынып тасталғаннан кейін, тұрғындардың сатып алу қабілеті қалпына келе қоймаған. Билік пайыздық мөлшерлемені өзгеріп, жекеменшік секторға қосымша қолдау көрсеткеннің өзінде де жағдай оңалмады. Сарапшылар дефляцияға осы себеп болғанын айтады.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Зауреш Думанқызы