Өзбекстанда улы шәрбаттан 65 бала ажал құшты
Өзбекстанда атышулы үндістандық шәрбатқа қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның зардабынан елде 65 бала уланып, қайтыс болған. Бұл іспен жоғарғы сот айналысып жатыр. Ұзын саны 21 адамға айып тағылды. Оның ішінде «Док-1 Макс» дәрісін тасымалдаушы компанияның директоры, яғни Үндістан азаматы мен Өзбекстан фарм саласын дамыту жөніндегі агенттіктің бұрынғы басшысы да бар. Улы шәрбатты елге әкелгендер ісін прокуратура бірнеше ай бойы тексерген. Әрі жемқорлық фактілері барын анықтап отыр. Әуел баста дене қызуын басатын препарат ішкен 20 баланың көз жұмғаны айтылса, қазір қатары үш есе артқаны белгілі болды.
Еске салайық, «Док-1 Макс» Қазақстанда сатылымда болмаған. Орталық Азияда тек Өзбекстан мен Қырғызстанда қолданылды.