Димаштың жанкүйерлері Қазақстанға келуге асық
Димаш Құдайбергеннің Бельгиядағы жанкүйерлері Қазақстанға келуге асық.
Әншінің фанаттары жиі бас қосып, Димаштың өнері, туған елі жайлы сұхбаттасқанды жақсы көреді екен. Олардың басым бөлігі еліміздің әсем табиғаты мен қонақжайлылығына тәнті.
Жанат Эрнст, тілші:
- Белгілі қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің талантын Бельгиядағы жанкүйерлері жоғары бағалайды. Өнер иесінің шығармашылығы арқылы елімізді танып отыр. Қазақстанды көргісі келетіндер де аз емес.
Венди, Бельгия тұрғыны:
- Димаш – менің өмірім деп айтуға болады. Сәуірде Армениядағы концертінде болдым. Бұл менің Димашты өз көзімен көрген алғашқы концертім еді. Димашты екі жыл бұрын туған ағам жақсы көретін «S.O.S d’un terrien en dеtresse» әнінің арқасында таныдым. Ағам бірнеше жыл бұрын қайтыс болды. Димаш менің өмірімді жалғастыруға көмектесті. Мен оны күнде тыңдаймын.
Хилде, Бельгия тұрғыны:
- Біздің Димаш мен үшін өмірімнің сәні! Мен алты жыл бұрын оның ән айтқанын алғаш естігенімде өмірім күрт өзгерді. Мен оның туған жері Қазақстанға барғым келеді. Маған сіздердің елдеріңіз керемет болып елестейді. Димашқа дейін ештеңе білмедім. Димаштың әндері арқылы мен тауларыңыз бен көлдеріңізді, табиғаттың барлық сұлулығымен таныстым!
Димаштың бельгиялық жанкүйерлері оның алдағы концерттері туралы ақпарат алмасып, бір бірімен кездесе алатын фан-клуб құрған. Және қазақ әншісінің Бельгияға келіп өнер көрсетеріне үмітті.
Нұржан Айтмаханов, Бельгиядағы Қазақстан елшісінің кеңесшісі:
- Бірінші Бельгиядағы Димаштың жанкүйерлердің басқосуы осы Бельгияның астанасында Брюссельде өтті. Бүгінде де бұл кісілер Қазақстан үшін, біздің мәдениетіміз үшін, өнеріміз үшін үлкен халық дипломатиясын жүзеге асырып жатыр десек болады. Сондықтан егер Қазақстанда Димаш концерт берсе олар міндетті түрде барады. Бельгияда да концерті болса, олар бірінші кезекте бірінші орыннан билет сатып алатын болар деп ойлаймын.
Венди, Бельгия тұрғыны:
- Мен Димашқа дейін Қазақстан туралы ештеңе естіген емеспін. Шығармашылығымен танысқаннан кейін еліңізге қатысты мәліметті бақылап отырамын. Мен қазақ мәдениеті туралы көп оқыдым, маған өте әдемі болып көрінді. Сіздердің табиғаттарыңыз әр түрлі, барлық пейзаждар бір біріне ұқсамайды. Қазақ халқы өте қонақжай халық екен. Келер жылы Димаштың туған жеріне барамын деп жоспарлап отырмын.
Димаштың жанкүйерлері яғни Бельгиядағы француз бен фламанд халықтары әнші туралы айтқанда бір тілде сөйлесеп кетеді. Олар өнер иесіне қатысты ойларын ортақ тілде жеткізіп, өмірдегі өкпе реніштерін ұмытып кетеді.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов