Сал ауруына шалдыққан әйел 18 жылдан кейін сөйледі

Сал ауруына шалдыққан әйел 18 жылдан кейін цифрлық аватар арқылы сөйлей бастады.

Бұл – америкалық зерттеушілердің жеткен жетістігі. Науқасқа ми имплантын қолдану арқылы сөйлеу қабілетін қалпына келтірген. Жаңа технология жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді.

Бұл – 18 жыл бұрын инсульт алған Энн Джонсонның сандық аватары. Сал ауруынан сөйлеу қабілетін жоғалтқанымен, Энның миы сигнал жібере алады. Мұны негізге алған америкалық ғалымдар эксперимент жасап, технологияның көмегімен әйелді сөйлетті. Яғни, оның миындағы нейрондық белсенділікті мәтінге немесе дыбысқа аудара алды.

Шон Мецгер, Калифорния университетінің зерттеушісі:

- Мұндай аватарды алу үшін біз Энн айтқысы келген хабарламаны және бет қимылдарын кодтадық. Сондықтан, бұл – біздің мүшелеріміздің қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін 3D көрініс.

Дәрігерлер Эннның миына 253 электродтан тұратын имплант енгізді. Осылайша, жақ, ерін, тіл және бет бұлшықеттеріне жіберетін электр сигналдарын компьютерге түсірді. Операция кезінде миға «порт» орнатып, оған қосылған кабельдің көмегімен ми сигналдары компьютердің мәліметтер базасына жіберіледі. Әрі қарай жасанды интеллект іске қосылады, деп түсіндірді зерттеушілер.

Шон Мецгер, Калифорния университетінің зерттеушісі:

- Ми сигналдарын сандық анимация арқылы айтылатын сөйлемдерге аудару үшін жасанды интеллект алгоритмдерін қолданамыз. Біз аватарды оның дауысымен сөйлеуге үйрету үшін Эннның үйлену тойындағы жазбаны қолдандық. Сондықтан Энн "сізді қайтадан көргеніме қуаныштымын" деген сөзді айтуға тырысқанда, сандық аватар бұл сөздерді дауыстап айтты.

Осы зерттеуге қатысқан ғалымдардың бәрі бірауыздан бұл технологияны шыңдау керек дейді. Ал ол қомақты инвестицияны қажет етеді. Сарапшылар бұл - технологиялық дамудың алғашқы кезеңі екенін айтады. Ал оның ең мықты нұсқасын жасаған жағдайда, сал ауруына шалдыққан талай жанның көңіліне медеу болатын жетістік болмақ.