Қазақ тазылары әлемді бағындырды
Қазақстандық кинологтар әлемдік ассамблеяның мүшесі болуы мүмкін.
Еліміздің кандидатурасын барлық мемлекет қолдап отыр. Егер ұйымға өтсек, қазақтың тазысы мен төбеті ресми түрде тіркелмек. Ақжолтай жаңалық Швейцарияда өткен әлем чемпионатында қазақ тазыларының жарқын жеңісінен кейін белгілі болды.
Жанат Эрнст, тілші:
- Қазақтың қос тазысы әлем чемпионатында ерекше көзге түсті. Тұмар мен Вангелия өз топтарында топ жарып, көрермен көзайымы айналды. Чемпиондарға деген қызығушылық ерекше.
Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтар одағының президенті:
- Негізі тазы мен төбет біздің халыққа өте қасиетті ит болып саналады. Өте төзімді иттер болған, көшпенділер болған. Алпыс мың километр қашықта қиналмай жүре алатын иттер ғой. Үлкен денгейде өтті Ассамблея. Тоқсан сегіз пайыз елдер бізге дауыс берді Қазақстанды толық мүше ретінде қабылдауға. Енді біз сол тазы, төбетті қазақтың иты деп бүкіл дүниеге тіркеп соны айта аламыз. Қазір олардың иесі ресми түрде жоқ. Барлығы біледі олардың қазақ иттері екенін, бірақ олар ресми түрде тіркелген жоқ.
Қазақ тазыларына халықаралық жарыстарда төрелік жасалу үшін бірыңғай бағалау стандарты қажет. Біздің сарапшылар қазірдің өзінде оны әзірлеуде және Халықаралық кинологиялық ұйымның қарауына ұсынуға дайын. Тұмар мен Вангелия әлем чемпионатында итальяндық иттермен жарысып, сенімді жеңіске жетті.
Елена Хардина, әлем чемпионатына қатысушы:
- Бүгінгі бәсекелестер Италияға сатылған Санкт-Петербургтің «Борзомир» иттері болды. Соған қарамастан біз жеңдік. Мен тазы маманымын. Бұл иттің анатомиясы қандай болуы керегін жақсы білемін.
Рамуне Козловскайте, FCI халықаралық төреші:
- Мен қазақ иттеріне төрелік еткеніме өте қуаныштымын. Өйткені олар стандартқа әбден сай келеді – темпераменті, қимыл-қозғалысы тамаша. Олар өздерін барынша жақсы көрсете алды. Тағы екі ит бәсекелес болған, бірақ қазақтың тазылары топ жарды.
Тазының біздің жерімізге мыңдаған жылдар бұрын пайда болғаны туралы көптеген деректер бар. Бұған ежелгі петроглифтердің соңғы табылғандары – көшпенділердің өмірі мен тұрмысын бейнелейтін суреттері дәлел.
Антоан Хлебаров, Болгария кинологтар одағының мүшесі:
- Тазылар баяғыдан көшпелі халықтардың серігі болды. Әрине олар әр елдің ерекшелігі мен климаттық жағдайына байланысты өзгеріп, дамып отырды. Бірақ түптеп келгенде олар бір тұқым.
Наталья Дровосекова, FCI халықаралық төреші:
- Қазақ халқының ертегілерінде ит туралы көп айтылады. Тіпті Жеті Қазынаның бірі саналады. Сондықтан бұл қазақ халқының төл тұқымы деп айта аламыз. Осыған байланысты тиісті құжаттарды жинап, халықаралық ұйымға өтініш беруге дайынбыз. Тұқымды Генетика Институты зерттеп, нәтижесін бізге таспырды.
Халықаралық кинология ұйымына өтініш беру үшін жоғарыда аталған барлық шарттармен қатар, Тазыларды тіркеу қажет. Бүгінде біздің кинологтар одағында 300 иттің ресми құжаты бар. «Ал Тазылар бұдан әлде қайда көп», - дейді сарапшылар. Егер жоба жүзеге асса, Қазақстан Қазақ Тазысының Отаны ретінде әлемдік тұрғыдан мойындалмақ.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов