Өзбекстанда сабақ саны қысқарады
Өзбекстанда 10-шы және 11-ші сынып оқушыларына арналған білім беру бағдарламасы өзгереді.
Ең алдымен сабақ саны 16-дан 11-ге қысқарады. Жаңа жүйе бойынша олар «химия-биология», «математика-физика», «математика-шет тілі» және «ана тілі-әдебиет-шет тілі» сынды төрт бағыттың бірін таңдайды. Сол арқылы университет емтиханына және белгілі бір бағытқа қарай арнайы әзірлік басталады. Білім беру министрлігі жаңашыл жүйені әзірге тек ел бойынша 135 мекемеге енгізіп отыр. Келер жылы олардың саны 1 мыңға жетеді. Бұдан бөлек, компьютерлік біліктілік пәні 1-ші, ал қаржылық сауаттылық жоғары сыныптан оқытыла бастайды. Бағдарламаны толыққанды жаңарту үшін бюджеттен 920 млрд сом бөлінген.
Еркін Мұрадов, Өзбекстан Мектепке дейінгі және мектепте білім беру министрлігінің басқарма басшысы:
- Бағдарлама биыл біраз өзгеріске ұшырап отыр. 7 сыныптан балаларға екі шет тілін оқыта бастаймыз. Ағылшын, неміс немесе француз тілдерін оқыту ұсынылады. Бұл тәжірибе арқылы түлектер келешекте білікті кадрға айналады. Бастысы бұдан былай артық жүктеме артылмайды. Жүйеге қосымша қандай да бір сабақ қосылмайды.