Әлем электромобильге бет бұрды
Әлемде электрмобиль нарығының өрісі кеңейді.
Алайда даму болғанымен проблемалары да жоқ емес. Мәселен, машинаны қуаттайтын станция тым аз. Көлік сынса жөндейтін маман тапшы. Соған қарамастан кейбір елдер электрмобиль өндірісіне мемлекеттік қолдау жасап отыр. Мәселен, Индонезия үкіметі жүргізушілерді тоқпен жүретін көлікке ынталандырудың оңтайлы жолын тауыпты.
Үндістанның көлік нарығы әлемде ең ірі бестікке кіреді. Соңғы жылдары елде электркарлар сатылымы артқан. Биыл жылдың алғашқы жартысында 48 мың электрмобиль өз иесін тапты. Әсіресе, мотоцикл, скутер және рикшаға сұраныс көп. Тұтынушылар электр автомобильдер шығыны аз, әрі түрлі жеңілдіктер барын алға тартады.
Сантош Кумар, жүргізуші:
- Электрмобиль өте тиімді. Жанармай қажет етпейді. Дәстүрлі көлік сияқты жиі бұзыла бермейді. Ауаға да зиянды қалдықтарды шығарып, қоршаған ортаны ластамайды.
Үнді елінде электрмобиль нарығының жылдам дами бастауына үкіметтің қолдауы да себеп. Жергілікті билік осы мақсатта арнайы бағдарлама қабылдаған. Оған жыл сайын 1,3 миллиард доллар бөлініп тұрады. Мысалы соңғы жылдары электрмобиль қуаттайтын станциялар саны 10 есе өскен.
Тирумалай, сарапшы:
- Біздің елде электрмобиль саласының нығаюына үкіметтің ұстанған саясатынан бөлек тағы екі себебі бар. Оның бірі – өндірістік сектордың жетекші электркарлар жасап шығаруға көңіл бөлуі. Бұл электрмобильдің тартымдылығын арттыруға көмектесуде. Екіншіден – жанармай бағасының өсуі. Адамдар шикізаттың қымбаттауынан үнемдеуге көшкен.
Индонезияда да соңғы уақытта электркарлар сатылымы біршама өскен. Оған үкіметтің салықтық жеңілдігі әсер еткен. Бірақ азаматтардың көбі электрмобиль сатып алуға асықпайды. Бұған мұндай көліктердің қымбат болуы мен оларды қуаттайтын станцияның аздығы әсер етіп отыр.
Доди Хартоно, жергілікті тұрғын:
- Электрмобильдің бағасы қымбат. Оған сұранысты арттыру үшін құнын төмендету қажет. Кем дегенде 60 пайызға арзандату керек. Көлікті қуаттайтын станциялар тым аз.
Сарапшылар әлемнің өзге елдерінде де тұтынушалар дәл осындай мәселелерге тап болып отырғанын айтады. Бұдан бөлек адамдарды батареяның жүру қашықтығының аздығы мен қуаттауға кететін уақыттың көптігі де мазалайды.