Тәттімбет атындағы ұлт-аспаптар оркестрі Түркияда өнер көрсетті
Тәттімбет атындағы ұлт-аспаптар оркестрі Түркия Республикасының 100 жылдығына орай Анталияда өнер көрсетті.
Мерекелік кешті жергілікті көрермендермен қатар Түркияда тұратын қазақстандықтар да тамашалады.
Анталияның Аспендос мәдениет орталығында өткен кеште өнерпаздар домбыра мен қобыз үні арқылы Ұлы дала тарихын жеткізе білді. Қарағанды облысы әкімдігі, Анталия муниципалитеті мен Қазақстан елшілігінің ұйымдастырған шарасы Түркия Республикасының 100 жылдығы мен Конституция күніне орайластырылған.
Шенол Йорганжы, тұрғын:
- Қазақстанда 8 жыл тұрдым. Бүгінгі кештің өтетінін естігенде ерекше қуандым. Өзіммен отбасымды алып келдім. Өмірімнің ең жарқын кезеңіне бір сәтте болса оралғандай болдым.
Йағмұр Йорганжы, тұрғын:
- Мектеп жылдарым Атажұртта өтті. Сондай ыстық кеш болды. Осы жерден барлық достарыма сәлем жолдаймын.
Тәттімбет атындағы ұлт-аспаптар оркестрі ұлттық ән мен күй сонымен қатар қатар әлемдік классиктердің репертуарын орындады. Көрермен түрік тілінде шырқалған әндерді бірге орындады.
Керим Гөктухбилгин, тұрғын:
- Тәңірді еске салды. Өзім көне мәдениетіміз бен тарихымызды жақсы көремін. Бүгінгі кеште де бабаларымыздың тұрмысы мен көңіл-күйін сезінгендей болдым.
Ертұғрұл Екижи, тұрғын:
- Балдақпен болса да келдім. Атажұрт біз үшін әрқашан да ыстық. Зейнеттегі дәрігермін. Біздің жастық шағымызда Қазақстан тәуелсіздік алды сонда қатты қуанып едік. Сол күннен бері қазақ жайлы кез келген шараны жібермеуге тырысамын.
Екі сағатқа жуық көрерменді ән мен жырға бөлеген өнерпаздарды халық сахнадан жібермей ұзақ қошамет көрсетті. Тәттімбет атындағы ұлт-аспаптар оркестрі алдағы күндері ел астанасы Анкараның бірнеше ауданында өнер көрсетіп, Анадолы халқына Атажұрт өнерін паш етпек.