Жасанды интеллект адамдардың өмірін жеңілдетіп келеді
Құлтемір адамдардың өмірін жеңілдетіп келеді.
Әлем ғалымдары жасанды интеллекттің көмегімен ерекше қондырғыларды жасап, жарысып жатыр. Мәселен, Қытайда жүргізушінің басқаруынсыз жүк таситын көлік жасап шығарылды. Ал Берлиндегі көрмеде бау-бақшаны арамшөптен тазалайтын қондырғы көрсетілді.
Жүк таситын көлік
Бұл жүргізушісіз жүк таситын шағын көлікті Нанкин универсиетінің ғалымдары жасап шығарды. Ол жасанды интеллект және 5G байланысының көмегімен жүреді. Ал оның ішіндегі сезгіш құрылғы алдындағы жолаушыларды анықтап, кедергілерді айналып өтуге мүмкіндік береді. Бұл көліктердің тағы бір ерекшелігі, адамдардың бет-әлпетін ажырата алады. Қазір университет кампусында 6 көлік қолданылады. Олар жүк тасумен бірге түнгі уақытта студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен де айналысады.
Зағип жандардың көмекшісі
Роботтар келешекте зағип болған жандардың төртаяқты достарын ауыстырып, сенімді жол көрсеткіштеріне айналуы мүмкін. Швейцариялық ғалымдар осындай құлтемір ойлап тапты. Ол көзі көрмейтін адамға арнайы бағдарламаның көмегімен көмектеседі. Робот кәдімгі ит сияқты айтылған бұйрықты бұлжылтпай орындайды. Бұл үшін мәліметтерді қашықтан жинайтын аппарат пен камера орнатылған. Оған мекеннің картасы мен ең тимді жолдарды дайындап, енгізуге де болады.
Бақшаны арамшөптен тазалайтын құлтемір
Ал Германияда бау-бақшаны қарап күтетін шағын робот жасалды. Нақтырақ айтқанда, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін шағын аппарат бақты арамшөптерден тазалауға бейімделген. Құлтемір өзіндегі құтыдан оларға қарсы дәрі себе алады. Робот гүлдерді арамшөппен шатастырып алмау үшін оның жадына 200 мыңнан аса өсімдіктің суреті енгізілген.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Зәуреш Думанқызы.