Корей ғалымдары: Қазақстан ІТ саласы бойынша аймақта көшбасшы
Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның IT саласындағы ынтымақтастығын жетілдіруге жақсы мүмкіндік бар.
Хангук университеті ғылыми зерттеу институтының сарапшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауынан кейін, осындай ой түйген.
Айтуларынша Қазақстан ІТ саласы бойынша аймақта көш басында. Демек екі елдің бірлескен жоба дайындауға күштері де, мүмкіндіктері де жеткілікті.
Шет тілдер университетінің ғылыми орталығы Орталық Азиядағы саяси және экономикалық процестерді зерттейді. Бұл жолы ғылыми институттың назары Қазақстанға ауды. Сарапшылар Президент жолдауын талқылап, реформаларға ерекше көңіл бөлді.
Хангук университетінің Орталық Азияны зерттеу институты 2007 жылдың қыркүйегінде құрылды. Қазір мұнда 10 маман жұмыс істейді. Олар аймақтағы саяси үдерістерді бақылап отырады. Сарапшылардың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында елдегі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге тоқталып, шешу жолдарын ұсынды.
Ким Дже Мин, Хангук университеті Орталық Азияны зерттеу институтының маманы:
- Бұл мәселені шешу үшін қысқа мерзімді, орташа ұзақ мерзімді шаралар ұсынылды. Бұл үкіметке деген сенімді арттырады.
Ким Джэ Мин – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі және Қазақстанда бакалавриат пен магистратураны бітірген алғашқы корей азаматы. 37 жастағы маман жақында Орталық Азияны зерттеу институтына жұмысқа орналасты. Ким Дже Миннің айтуынша, Президент Тоқаевтың жолдауы Қазақстан мен Корея арасындағы ІТ саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға жақсы мүмкіндік.
Ким Дже Мин, Хангук университеті Орталық Азияны зерттеу институтының маманы:
- Қазақстанда ІТ-технологиялар мен цифрландыруды одан әрі дамытуға ықпал ете алатын инфрақұрылым бар. ІТ және цифрландыру бағыттары ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, көлік және логистика, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ақылды қалаларды дамыту сияқты көптеген саланы қамтыған. Меніңше ІТ саласындағы ынтымақтастық екі ел үшін де өте перспективалы және бірлескен жобалар жасауға зор мүмкіндік бар.
Сарапшылардың пікірінше, Корея президенті Юн Сок Ёлдың келер жылға жоспарлаған Қазақстанға сапары екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайта түспек.