Франция бір жылда 12 атом реакторын іске қосты

Алда тағы жаңа атом электр стансасын салуды көздеп отыр. 

Еуропа бойынша электр энергиясын бас экспорттаушы да осы ел. Франция билігі осы қарқынмен дүниежүзілік энергетикалық дағдарысқа тойтарыс береміз деген ниетте.

Қазір әлемде шамамен электр энергияның 10 пайызы атом электр станцияларында өндіріледі. Күн мен желден алынатын қуаттың да мөлшері осындай. Ал көмір мен басқа қазбалы отынның үлесі 70 пайызды құрайды. Атом энергетикасы сарқылмалы отындардың орынын толтыра алатын басты қуат көзінің бірі. Танымал фрнацуз климатологы Франсуа-Мари Бреонның айтуынша, оның қоршаған ортаға зияны аз. Сонысымен ерекшеленеді. Ғалым: «Қазақстанда станция салуға қатысты референдумның өтуі табылған ақыл, ал оған дейін халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген абзал» -дейді.

Франсуа-Мари Бреон, Париж-Сакле университеті климаттық ғылымдар зертханасының қызметкері:

- Мәселені референдум арқылы шешу демократияның белгісі. Бірақ оны өткізбес бұрын халықтың Атом электр станциялары жайлы таным-түсінігін арттыру қажет. Ол үшін ақпараттық түсіндіру жұмыстарына көп көңіл бөлу керек. Бұған қол жеткізу оңай емес. Себебі, атом энергетикасы күрделі сала.

Сарапшы жаңғыртылатын қуат көздеріне көшу үшін табиғи алғышарттар болуы қажет екенін алға тартады. Мысалы, таулы өңірде гидроэнергетиканы, шөлейтте күн энергиясын, шатқалдарда жел қуатын дамытуға мән берілу керек. Қазақстан атом электр станциясын дамытуға мүмкіндігі мол ел қатарына жатады.

Франсуа-Мари Бреон, Париж-Сакле университеті климаттық ғылымдар зертханасының қызметкері:

- Атом энергетикасынан төнетін қауіп-қатер климаттық дағдарысқа қарағанда аз. Бірақ бұл салада қауіпсіздік өте маңызды. Оларды бақылайтын орган тәуелсіз болуы керек. Францияда атом электр станциялары қатаң қадағаланады.

Қазіргі таңда әлемде 57 атом электр станциясы салынып жатыр. Тағы 20 мемлекет атом энергетикасын дамытуға ниетті. Олардың арасында ірі мұнай өндіруші елдер - Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері бар.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан