Лондон сән апталығы өтіп жатыр
Ұлыбритания астанасында «Лондон сән апталығы» өтіп жатыр.
Оның аясында “Silkroad Fashion” шарасы ұйымдастырылды. Мақсаты идеялар алмасу, Жібек жолы елдерінің дизайнерлерін көпшілікке таныту.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Биыл Лондон сән апталығында 70-тен астам көрсетілім өтіп жатыр. Дәстүр бойынша шараға әлемге әйгілі брендтермен қатар енді таныла бастаған жас дизайнерлер де қатысуда. Араларында қазақстандық сәнгер де бар.
Лондон Еуропаның басқа сән астаналары Париж бен Милан сияқты ауқымы кең брендтерге бай болмағанымен шығармашылық жолды енді бастаған жас дарындардың орталығы ретінде белгілі. Бірақ бүгінгі таңда олар үшін тосқауылдар көп.
Каролин Раш, Британ сән кеңесінің бас директоры:
- Менің ойымша, креативті жастар Лондонда бұрын-соңды мұндай кедергілерге кезіккен емес. Ғимарат жалдаудың, өмір сүру құнының қымбаттауы, Брекситтің әсері бәрі-бәрі кері әсерін тигізуде. Серіктестер мен демеушілер табу да тіпті қиындап кетті.
Бұған қарамастан 21 жастағы қазақстандық кутюрье Лааль Авгамбаеваға Ұлыбритания астанасына келу бұйырды. Ол шығармашылық жобаларды қолдайтын қазақстандық дарынды жастарға арналған грантты ұтып алған. Лааль Лондонда өнер университетінде білім алуға ниетті. Бірақ қалтасы көтермейді. Шараға қатысып, қаражат жинағысы келеді. Бүгін ол көпшілік назарына дәстүрлі элементтерді заманауи тенденциялармен үйлестірген топтамасын ұсынды.
Лааль Авгамбаева, дизайнер:
- Мысалы, мына кеуде тартпа киіз үй пішіндес тігілген. Барлық киімдер көшеде киюге арналған. Осылайша біз қазақ халқының Ұлы дала еліндегі өмірі қандай болғанын көрсетуге тырыстық. Ең басты мақсатым қазақ мәдениетін әлемге паш ету.
Лондон сән апталығы аясында өткізіліп отырған шара - Silkroad Fashion, Жібек жолындағы сән деп аталады. Оны 2018 жылдан бері қазақстандық продюсер Алма Фармер ұйымдастырып келеді. Биыл оған Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Әзірбайжан және Ұлыбританияның сәнгерлері қатысты.
Алма Фармер, продюсер:
- Көрсетілім “Тағдыр” деген тақырыпта өтіп жатыр. Бұл өмірде әр адамның өз тағдыры бар, өзінің ұстанған бағыты бар деген ой. Біз Британ сән кеңесінде ресми түрде тіркелгенбіз. Шара тек осы ел ғана емес бүкіл әлем мойындалған жоғары деңгейде өтіп жатыр.
Бұған дейін көрсетілімдерге қатысқан кейбір дизайнерлердің бағы жанды дейді ұйымдастырушылар. Олар осы жақтан клиент тауып, шоу-румдарын ашыпты. Шара соңында сәнгерлермен жеке танысуға және киімдерін сатып алуға мүмкіндік берілді.
Ғалымжан Қараманұлы