Германия экономикасы құлдырап барады
Германияның ішкі жалпы өнімі жыл соңында 0,5 пайызға төмендейді.
Неміс экономикалық институтының сарапшылары осындай болжам айтып отыр. Халықаралық нарыққа бағдарланған мемлекет геосаяси күйзелісті бастан кешіп жатыр. Әлемнің алпауыт елінің жағдайы неге ушықты?
Германия экономикасы ЕО пен G7 мүшелік ететін мемлекеттер арасында төменгі динамиканы көрсетіп отыр. Халықаралық валюта қорының шілде айындағы ІЖӨ-нің 0,3 пайызға төмендеу туралы болжамы неміс сарапшыларының пікірінше өзектілігін әлдеқашан жойды. Ел экономикасында 3 тоқсан бойы өсім байқалмайды, ал инфляция деңгейі 6,5 пайыз деңгейінде қалып отыр. Мұнан бөлек, өндіріс көлемі де азайған. Үлкен жетілік арасында жыл қорытындысымен экономикасы құлдырау алдында тұрған жалғыз мемлекет деген айдар тақпақ. Бұған себеп – Германияның әлемдік нарыққа көбірек басымдық беруі.
Кристиан Кулманн, ірі химиялық компания директоры:
- Біз сыртқы факторлар қатты әсер ететін және зиян келтіретін жағдайға тап болдық. Бұл дегеніңіз индустрияның артта қалуына әкеп соғады. Германияда байқалған дағдарыстың алғашқы көріністері мені қатты қынжылтады.
Көршілес Еуропа елдері қызметтерді экспорттауға бағытталса, Германия экономикасында өнеркәсіп басым рөлге ие. Мемлекет жылдар бойы арзан энергия көздерінен пайда көрді. Канцлер Олаф Шольцтің пікірінше, неміс экономикасына қарқын беру үшін өнеркәсіптің ғылыми бағытына бет бұрған жөн. Яғни, аккумулятор зауытын салу, электр машиналарына инвестиция құю және жартылай өткізгіштер өндірісін қолға алу дұрыс шешім.
Олаф Шольц, Германия канцлері:
- Германия өнеркәсібінің келешегі электр қуатына көбірек байланысты. Еліміз индустриалды мемлекет болғандықтан, электр энергиясын көбірек тұтынады. Германия өнеркәсібі дамығанымен, электр қуатына тәуелділігі тағы артады.
Жұмыссыздықтың артуы мен инфляция салдарынан кей сарапшылар Германияны «Еуропаның науқас адамына» теңей бастады. Алғаш мұндай сипаттама 1999 жылы беделді «The Economist» журналында айтылды. Ол кезеңде де бүгінгідей төменгі экспорт пен жұмыссыздықтан халық зардап шекті. Бірақ үкіметтің кешенді реформасы елді ұзаққа созылған дағдарыстан алып шығып, әлемдік көш қатарына қосты. Бірақ бұл әрекетті қайталау қаншалықты мүмкін деген сауалды экономистер жауапсыз қалдырды.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева