Қазақ кәсіпкерлері АҚШ тәжірибесін меңгереді
Қазақстанның бір топ кәсіпкері Мичиган университетінде 2 апталық тағылымдамадан өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бизнесті басқару магистрі бағдарламасы бойынша отандық іскер азаматтар Америкада теориялық тұрғыда ғана емес, тәжірибе жүзінде жан-жақты білімін толықтырады. Сабақ қазақ тілінде өтеді. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, былтыр алғаш рет мемлекеттік тілде іскерлік бағдарлама іске қосылған. Кәсіпкерлер «Стратегиялық көшбасшы» курсында заман талабына сай бизнестің қыр-сырын меңгереді.
Мақсат Халық, ұйымдастырушы:
- Барлығының ағылшын тілі кереметтей емес. Бірақ бізге о баста орыс тілінде аудармашы ұсынған болатын. Біз қазақ тіліндегі аудармашы талап еттік. Бұнің өзі белгілі бір дәрежеде қазақы іскерлік ортаның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Менің ойымша, қазақ кәсіпкері байып кететін болса, ол бірінші кезекте өзінің ұлтын, елін ойлайды.
Сырымбек Тау, бизнес бағдарламаның тыңдаушысы:
- Жалпы біз Қазақстанмен ғана шектеліп қалмай, әлемдік деңгейде ойлау қажет екенін түсініп жатырмыз. Неге десеңіз, Amazon болсын, Walmart болсын бізге тапсырма берді осы демалыс күндері, Германияда не үшін Walmart дүкенін ашпады деген тапсырмалар болды, мысалы. Өте қызық. Маған ұнап жатыр. Әр дүкенді аралап, түнде қалай, күндіз қалай – бәрін тексеріп көріп жатырмыз.