АҚШ Орталық Азия мемлекеттерінің өзара тығыз жұмыс істеуіне мүдделі

Ресми Вашингтон Орталық Азиядағы 5 мемлекеттің тығыз жұмыс істеуіне мүдделі әрі көмек көрсетуге дайын.

АҚШ бірінші кезекте аймақтағы қауіпсіздікке басымдық береді. Әлбетте, экономикалық байланыс та назардан тыс қалмайды. Бұл туралы біздің Вашингтондағы меншікті тілшімізге сұхбат берген АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары Джон Марк Поммершайм айтты. Дипломат Орталық Азия бестігінің қарым-қатынасы бекем болған сайын, аймақ та гүлдене түседі деп есептейді.

Нұрбек Бекен, тілші:

- АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары Джон Марк Поммершайм Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылық бірінші кезекте тұрғанын айтты. Бұл ретте АҚШ сыртқы қауіп-қатерлерді азайтуға, терроризммен күреске, ұйымдасқан қылмысқа қарсы тұруға және құқық қорғау саласында ынтымақтастықты арттыра береді. Ал С5+1 форматында бірлесіп жұмыс істеу экономикалық тұрғыда да барлық тарапқа тиімді болмақ.

Джон Марк Поммершайм, АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары:

- Біз аймақтағы елдердің тығыз жұмыс істегенін қалаймыз. Егер олардың арасында жақсы тасымал байланысы орнап, өзара түсінік артса, сауда-саттық өсіп, мемлекеттер гүлдене түседі. Егер біз бірге болсақ, елдер күшейеді. Меніңше, біз соңғы 30 жылда аймақтың бұл бағытта бірлесіп жұмыс істегісі келетінін байқадық және АҚШ оған көмектесе алады. Соның ішінде жаһандық инфрақұрылым және инвестиция бағдарламасы бойынша Транскаспий дәлізін дамытуға мүдделіміз. Аймақ елдері ортақ дәліз арқылы еркін сауда тасымалына қол жеткізгенін қалаймыз. Бұл салада көп шаруа атқарылды және АҚШ оны одан әрі жалғастыруға ниетті.

Жасыл экономиканы дамытуда АҚШ-тың технологиясы мен мүмкіндігі мол. Бұл бағытта да аймақ елдеріндегі кен орындарын бірлесіп игеріп, сирек кездесетін минералдар өндірісіне қызығушылық танытып отыр. Әлем жұртшылығы біртіндеп қазбалы отындардан баламалы энергияға көшіп жатыр. Сондықтан бұл салада да бірлесіп атқаратын шаруа көп, - дейді Марк Поммершайм.

Джон Марк Поммершайм, АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары:

- Орталық Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 30 жылдан асты. Біздің келешектегі әріптестігіміз қандай болмақ? Оны кімдер орнатады? Келесі тарауды жазатындар, әрине, жастар. Сонымен бізде С5+1 форматынан бөлек, Жастар кеңесі, Өзара алмасу бағдарламалары бар. Қауіпсіздіктен бастап экономикаға дейінгі салаларды тек үкіметпен ғана дамыта алмаймыз, оны уақыт өте келе алға жетелейтін жастардың кең ауқымы қажет.

Нұрбек Бекен, тілші:

- АҚШ Мемлекеттік департаменті Нью-Йорктегі БҰҰ БА сессиясы аясында өткен «Орталық Азия – АҚШ» саммитін тарихи маңызды оқиға деп бағалап отыр. Өйткені Ақ үй басшысы бірінші рет аймақ мемлекеттерінің президенттерімен кездесіп, келіссөз жүргізді. Жалпы осыдан 2 жыл бұрын Байден әкімшілігі жариялаған ұлттық қауіпсіздік жөніндегі стратегиялық құжатта Орта Азия туралы сөз де болмаған. Ал қазір ресми Вашингтон аймаққа көбірек көңіл бөле бастады.

Авторы: Нұрбек Бекен.