Тұщы су әлемдік мәселеге айналды
Мұхиттардың ластануы тағы бір мәселені тудырып отыр. Бұл таза су түйткілі.
Норвегияда теңіз суын тұщыландыру бойында жаңа жүйе таныстырылды. Арнайы қондырғы 400 метр тереңдікке тасталады. Жоба авторлары бұл құрылғы күніне 50 миллион тұщы су өндіре алады дейді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша қазір әлем халқының 30 пайыздан астамы таза су көзіне мұқтаж. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 50 пайызға жетуі мүмкін. «Судың да сұрауы бар» деген осы.
Британияда пластик құралдарды сатуға тыйым салынды
Ұлыбританияда пластик құралдарды сатуға заңмен тыйым салынды. Енді бұдан былай кәсіпкерлер пластик ыдыстар мен әуе шарларына арналған таяқшаларды сата алмайды. Билік осылайша қоқыс көлемін азайтуды көздеп отыр. Бірақ экологтар қоршаған ортаны толық қорғау үшін бұл жеткіліксіз дейді. Ресми дерек бойынша, Англияда жылына 1 миллиардтан астам бір рет қолданылатын пластик табақ пен 4 миллиард асхана аспабы шығарылады.
Анна Диски, Greenpeace белсендісі:
"Үкіметтің бұл заңы тиімсіз. Өйткені бизнестің жоспары бойынша, пластик өндірісі 2040 жылға қарай 2 есе артпақ. Бұл тұрғыда салмақты стратегия қажет. Мәселенің салдарымен емес, себебімен күрескен жөн".
2 жылдан кейін мұхиттарға тасталған пластик заттардың көлемі 250 миллион тоннаға жетпек. Бұл халықаралық экологиялық ұйымдардың мәліметі. АҚШ-та пластик материалдар су қоймаларын да ластап жатыр. Үкіметтің қарекеті қауқарсыз болған соң, Нью-Йорктің дайверлері су түбіндегі қоқысты өздері тазалауға кіріскен. Олар теңіз табанында пластик қалдықтың таудай болып үйіліп жатқанын айтады.
Танасия Свифт, дайвер:
“Пластик заттар көбіне балық аулау ауына ілініп қалады. Оларға балықтар да байланып, өлуге мәжбүр. Осылайша адамдар өз қолымен теңіз әлемін бүлдіріп, табиғи тепе-теңдікті құртып жатыр".