Таяу Шығыстан тыныштық кетті
Таяу Шығыстан тағы да тыныштық кетті. Израиль мен ХАМАС бірін-бірі бомбалап жатыр.
Әуе шабуылдары әлі жалғасып жатыр. Құрбандар қатары да күн санап өсіп келеді. Бүгін қақтығыстың үшінші күні. Осы аралықта 2 тараптан қаза тапқандар саны 1200 адамға таяды. Құрбандардың 700-і - Израиль тұрғыны. Олардың 250-і Палестинадағы "Хамас" ұйымы алғаш бомбалауды бастаған 7 қазанда музыкалық фестиваль кезінде ажал құшқан.
Чарли, Израиль тұрғыны:
- Барлық адамдар үлкен үрей құшағында. Әсіресе кішкентай балаларға, қарттар мен әйелдерге қиын. Біз өзімізше топ құрып, жақындарымызды қорғап жүрміз.
Ал Газа секторында Израильдің әуе соққыларынан 400-ден астам тұрғын көз жұмды. Осы соңғы 3 күнде Палестина аумағынан 150 мың адам басқа жаққа қоныс аударған.
Газа секторы
Исра Әл-Қишауи, мектеп оқушысы:
- Біз мектепке бара жатқанда теңізге бір зымыранның құлағанын көрдік. Жаттығу деп ойладық. Сөйтсек ол шын зымыран екен. Айналада соғыс басталып кетіпті. Біз енді қатты қорқып жүрміз. Бомбалардың кесірінен түнде ұйқыдан айырылдық. 3 күннен бері нәр татқан жоқпыз. Балалық шағымның соғыссыз өткенін тілеймін.
Тель-Авивте әуе қатынасы тоқтатылды
Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс Тель-Авивтегі әуе қатынасын тоқтатты. Барлық шетелдік әуе компаниялары осы бағытқа ұшатын рейстерді кейінге шегеріп жатыр. Тель-Авивтегі халықаралық әуежайдың барлық жеріне қауіп туған жағдайда паналайтын орындардың көрсеткіші орнатылған.
Қарулы қақтығысқа қатысты сарапшылар пікірі
Израиль мен "Хамас" арасындағы қақтығысқа қатысты халықаралық сарапшылардың пікіріне құлақ асайық.
Джон Алтерман, халықаралық стратегиялық зерттеулер орталығы Таяу Шығыс бағдарламасының директоры:
- Бұл қақтығыс ұзаққа созылары сөзсіз. Бұған дейін қолға алынған бейбіт келіссөздер бірнеше аптаға, тіпті бірнеше айға шегерілді. Өйткені 2 тараптың да қарқыны қатты. Енді оларға жақын арада ымыраға келу қиынға соғады.
Талал Әбу Зарифа, саяси сарапшы:
- Менің ойымша, бұл қақтығыс пен текетірес ұзаққа созылады. Қарымта шабуылдардың салдары өте ауыр. Халықаралық қауымдастық белсене араласып, шұғыл қадамдарға бармаса, жағдайды реттеу қиын.
Израиль билігі резевте тұрған 300 мың адамды әскер қатарына шақырды. Сондай-ақ осы елдің Қорғаныс министрі алдағы 1-2 күнде Газа секторында құрлық әскерінің операциясын бастайтынын мәлімдеді.