ЕО Палестинаға көмек көрсетуді жалғастырады
Еуропалық Одақ палестиналықтарға қаржылай қолдау көрсетуді жалғастыра береді.
Ал Израиль қорғануға құқылы болғанымен, халықаралық және гуманитарлық құқықтарды сақтауы тиіс. Бұл туралы Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель Оманда өткен «кәрі құрлық» елдері Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде мәлімдеді.
Омандағы басқосу Таяу Шығыстағы ахуалдың күрт шиеленісуіне байланысты шұғыл ұйымдастырылған. Кездесуде талқыланған басты мәселе аймақтағы қарулы қақтығыс пен гуманитарлық ахуал болды. Еуроодақтың сыртқы саясат басшысы Жозеп Боррель Израиль өзін қорғауға құқылы болғанымен, Газа секторын оқшаулау халықаралық тәртіпке қайшы екенін атап өтті. Ресми Тель-Авив ХАМАС шабуылынан кейін өңірге су, жанармай және азық-түлік жеткізуді тоқтататынын мәлімдеген еді.
Жозеп Боррель, ЕО дипломатиясының басшысы:
- Газадағы құрбандар саны әлі өсіп жатыр. 150 мың палестиналық бас сауғалауға мәжбүр. Гуманитарлық жағдай өте ауыр. Сондықтан көмек көлемін азайтпай, керісінше, еселеп арттыруымыз керек. Палестиналықтарды террорист деп атауға мүлде болмайды. Оларды жаппай жазалау – әділетсіздік, сондай-ақ бұл біздің және барша әлемнің мүддесіне қайшы келеді.
Осының алдында Көршілестік саясаты және кеңейту мәселелері жөніндегі еурокомиссар Оливер Вархели Еуроодақ Палестина билігіне қаржылай көмек беруді дереу тоқтатады деп мәлімдеп, әлемді дүрліктірген еді. Оның бұл сөзін Бельгия, Испания, Ирландия мен Люксембург өкілдері қатты сынға алды. Омандағы кездесуде Еуроодақ Сыртқы істер министрлері Палестина халқына қолдауды үзбейтінін ресми жария етті.
Жозеп Боррель, ЕО дипломатиясының басшысы:
- Еуроодақ елдерінің басым бөлігі «Палестина әкімшілігіне көмегімізді үзбей, жалғастыра беруіміз керек» деген пікірді ұстанады. Оларға аударылуға тиіс төлемдерді кешіктіруге болмайды.
Жозеп Боррель Еуроодақ Палестинаға қатысты тек кейбір жобаларды қаржыландыру мәселесі ғана қайта қаралатынын жеткізді.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Жанат Эрнст.