«Тұран» ансамблі қазақтың ән-күйін Анадолыда асқақтатты
Ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейтіп, халқымыздың төл музыкасын насихаттап жүрген «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі Түркияда өнер көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Концертке келген көрермен өнерпаздардың өнерін ерекше ықыласпен тамашалады.
Түрік жұрты қазақтың әні мен күйін бүгінде жақсы біледі. Ерекше ықыласпен тыңдайды. Әсіресе «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетсе, сілтідей тынады. Қазақтың дәстүрлі музыкасын дәріптеп жүрген бұл топ қазір Түркияда гастрольдік сапармен жүр. Бауырлас елдің бірнеше қаласында концерт өткізіп, жергілікті жұртқа тамаша көңіл күй сыйлап жүр.
Осман Нури Языжы, продюсер:
- Гастрольдік сапарды өткен наурыз айында жоспарлаған едік. Өкінішке қарай, зілзала кесірінен кейінгі шегерілді. Бір айта кетерлігі, Ескишехир қаласында өтетін концертіміз ақылы болады. Сөйтіп, ол ақшаны жер сілкінісінен зардап шеккен аймаққа жібермекпіз. Қалған 8 өңірдегі 9 концерт тегін болады.
Тұран тобының Түркия жерінде тыңдарманы көп. Ал қазақ жігіттеріне қызыға қарап, қара домбырада солар секілді еркін ойнай білсем деушілер қаншама?! Арасында ұлттық аспапты күмбірлетіп, ел ішінде өнер көрсетіп жүргендері де бар.
Ақтеңіз Эрбаш, домбырашы:
- Домбыраны үйренуіме Тұран тобы себепші болды. Менің ойымша, Тұран тобының шығармалары – күллі түркі халқына ортақ дүние. Оның орны ерекше дер едім.
Мектеп оқушысы Сайт Эфе Эшол Тұран тобын бала кезден біледі. Өйткені өнерінен бөлек, домбыраға деген қызығушылығын тудырған дәл осы ұжым. Қазір Сайт домбыраның құлағында ойнайды. Ендігі арманы – Тұран тобымен бір сахнада өнер көрсету. Анкарадағы фан-кездесуде ол да орындалды.
Сайт Эфе Эшол, оқушы:
- Қазақ музыкасын бастауыш сыныпта оқып жүрген кезден бері ерекше сүйіп тыңдаймын. 5-6 жасымда Ер Тұран әнін әндететінмін. Бүгін, міне, олармен бірге ән айту бұйырды. Қуанышымда шек жоқ.
Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толуына және Тұран тобының 15 жылдығына орайластырылған концертке отандастарымыз бірге жергілікті тұрғындар да дән риза. Өнерпаздарды бәрі тік тұрып қарсы алып, қолдау көрсетті.
Елмира Шендуран, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:
- Біз өте маңызды күн біз үшін. Себебі тек Қазақстан емес бүкіл дүниеге белгілі Тұран ансамблі келіп, түрік халқын шулатып жатырмыз. Біз Түркиядағы қазақтар ретінде өте қуаныштымыз. Елден осындай керемет бір ансамблдің келіп, бізді қуантқанына.
Түркияда «Тұранды» Ер тұран, Ұл тұран деп атайды. Музыкасы түрік фильмдерінде саундтрек. Балет қойылымдары мен спектакльдерде де «Тұранның» туындыларын жиі естуге болады.