АҚШ-та ағылшын тіліне аударылған қазақ ертегілері табылды
Джордж Вашингтон Университетінің әйгілі Гельман кітапханасынан 1968 жылы ағылшын тіліне аударылған қазақ ертегілері табылды.
«Дала ертегілері» деп аталатын кітаптың авторы - америкалық зерттеуші Мэри Лоу Масей.
Журналист Дүйсенәлі Әлімақын батыс және европа саяхатшыларының Орталық Азия мен қазақ даласына жасаған сапарлары мен еңбектері туралы көптеген мақала жазған. Биыл Вашингтонға бір жылдық тағылымдамадан өтіп, зерттеу жүргізу үшін арнайы келген. Таңдап алған тақырыбына сай кітапханалардан америкалықтардың Қазақстан туралы не жазғанын іздеуге кіріседі. Осылайша, Джордж Вашингтон Университетінің басты кітапханасынан 1968 жылы Нью-Йорктағы баспадан шыққан «Дала ертегілерін» тауып алды.
Дүйсенәлі Әлімақын, журналист:
- Автор мында кітабының алғы сөзінде айтады қазақ халқының сахара мәдениетін қалыптастырған ол мәдениеттің жай емес өте бай екенін айтады. Сосын қазақ мәдениетінде өмірінде ақын, жазушылардың сөз ұстаған адамдардың рөлі өте жоғары екенін айта кетеді. Сосын 19-шы ғасыр кезінде әлдебір жаңсақ атаулармен қырғыз аталып жүргенін бірақ оның қырғыз емес қазақ халқы екенін ашып жазады.
Кітапқа «Қаңбақ шал», «Жыл басына таласқан хайуанаттар», «Алдар көсе мен бай» сияқты 19 ертегі енген. Автор америкалық балақайларға түсінікті болуы үшін әр шығарманың мазмұнына сай қыстырма суреттер де берген. Дүйсенәлі Әлімақынның сөзінше кітапта қазіргі қазақ ертегілері жинағында кездеспейтін тың ертегіні де байқапты. Енді мұны заман талабына сай көркемдеп, екі тілде басып шығарса шет елдегі қарадомалақтар үшін төл мәдениетін оқытудың таптырмас құралы дейді.
Дүйсенәлі Әлімақын, журналист:
- Өзіңіз білесіз қазір АҚШ-та көптеген қазақтар тұрады. Олардың балалары ағылшынша білім алып жатыр. Ал біз осы кітапты қайтай шығарып, әрине автордың ұрпақтарының рұқсатымен АҚШ-тағы, Англиядағы және басқа да ағылшын тілді елдерде тұрып жатқан қазақ балаларына, қазақ отбасыларын бір тарту ретінде ұсынсақ өзінің мәдениетін, тілін білуге үлкен серпіліс болар еді.
Айтпақшы, Амазонда «Бату және достарының алтын тостаған іздегені» кітабы да жақсы сұранысқа ие. Тіпті алғаш сатылымға шыққан он күнде азиялық балалар кітаптарының рейтингінде үш апта бойы үздік болған.