Ұлыбританияда қауіпті контентпен күрес жүріп жатыр
Ұлыбританияда әлеуметтік желілерді жүгендейтін жаңа заң қабылданды.
Ол негізінен интернет қолданушыларын қауіпті контенттен қорғауға бағытталған. Өйткені телефонға телміргендер арасында өз-өзіне қол салушы жасөспірімдер көбейген.
Лондонның 14 жастағы тұрғыны Молли Рассел – әлеуметтік желінің құрбаны. Оқушы ұялы телефонынан көңіл құлазытатын фото мен видео көруге әуестенген. Алгоритмге сәйкес не іздесең соны ұсынатын платформа оған тиісінше контентті көрсетумен болған. Нәтижесінде оқушы депрессияға түсіп, суицидке барған. Ата-анасы ауыр қазадан кейін әлі ес жия алар емес.
Иан Рассел, Моллидің әкесі:
- Біз мұндай жағдайға душар болмаумыз керек еді. Бейкүнә балаларды қорғай алмайтын, тек пайдасын ойлайтын платформаларды жүгендейтін уақыт келіп жетті. Олар өскелең ұрпақтың өмірін қиып, ақша жасауды доғарулары қажет.
6 жылға созылған талқылаулардан кейін даулы заң жобасы қабылданды. Оған сәйкес балаларға қауіпті контент көрсеткені үшін платформалар жауапқа тартылады. Жануарларға қатыгездік таныту, есірткі және қару саудасы, терроризмді насихаттайтын фото мен видео өшірілуі тиіс. Сондай-ақ кәмелет жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерде парақша ашуға тыйым салынады. Хат алмасуға арналған қосымшалар да жіті қадағаланады.
Мишель Донован, Ұлыбританияның ғылым, инновация және технология жөніндегі мемлекеттік хатшысы:
- Егер әлеуметтік желілер заңға бағынбаса, қатаң жазаланады. Реттеуші орган олардың әлемдік табысының 10%-інен айыруы мүмкін. Бұл миллиардтаған стерлинг фунты және компаниялар күллі шығынға батқысы келмейді деп ойлаймын.
Моллидің өлімі бүкіл Британияны дүр сілкіндірді. Іс қозғалып, сотқа америкалық әлеуметтік желілердің өкілдері шақырылды. Соңғылары ақпараттық мақсатта жүктелген контент еді деп ақталып, кешірім сұраумен шектелді және алдағы уақытта платформаларын қауіпсіз етеміз деп уәде берді. Бірақ миллиондаған интернет пайдаланушылардың миллиондаған жазбаларын бақылай алу мүмкін емес, - дейді мамандар.
Олли Паркер, Young Minds қайырымдылық ұйымының өкілі:
- Интернетті реттеуге келгенде жабайы батыс көз алдыңа елестейді. Қауіпсіздікпен қамтамасыз етудің жаңа бір моделі ойлап табылғанның өзінде адамдар оны айналып өтудің амалын табады. Сондықтан қолданушылардың өздері абай болулары керек.
Биыл Ұлыбритания үкіметі шенеуніктерге TikTok әлеуметтік желісін пайдалануға тыйым салған. Өйткені қытайлық платформа телефон нөмірлері және геолокация сияқты пайдаланушылардың жеке деректерін сақтап, үшінші тарапқа беруі мүмкін-мыс. АҚШ пен Канада да бұған дейін TikTok-тан қауіптеніп, осындай шектеулер енгізген болатын.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.