Жеке деректер қорғауға алынған

Өзбекстанда әлемдік IT компаниялар мен әлеуметтік желі әкімшілері серверлік жүйелерін елге көшіруге міндетті.

Мұндай талап 2 жыл бұрын заң жүзінде қабылданып, күшіне енген. Енді кей компанияларға салық төлеуші ретінде тіркелу де ұсынылып отыр.

Өзбекстанда осыдан 2 жыл бұрын танымал әлеуметтік желілер жаппай бұғатталды. Бірнеше сағатқа созылған шектеудің себебі ресми жария етілмеді. Дегенмен жергілікті БАҚ мұны құзырлы министрліктің әлеуметтік желі әкімшілеріне жасаған қарсы әрекеті деп топшылады. Оған дейін шетелдік компаниялар серверін Өзбекстанға көшіру жөніндегі талапты орындамай, ережені ескермей келген еді. Қазір бұл міндетпен келіскен де, келіспей жүрген де бар. Сәйкесінше, кейбірі бұғаттан шығарылмаған.

Ұлықбек Мұсақұлов, блогер:

- Қазір Өзбекстанда ТикТок желісі бұғатталған. Сондықтан көптеген блогер инстаграмда контент қалыптастырып жүр. Біз қоғамды жақсы жаққа қарай өзгертетін дүниелер жасауымыз керек. Теріс қылықты насихаттап жүргендер болса, қатаң жазалануы мүмкін.

Жергілікті блогерлер әлеуметтік желідегі контент қатаң бақылауда екенін айтып отыр. Желіде жарнама жоқтың қасы. Соған сай, бұл салада табыс тауып жүргендер көп емес.

Ұлықбек Мұсақұлов, блогер:

- Монеталау жағында кемшін тұстар бар. Қаралым қаншалықты көп жинасақ та пайда таппаймыз. Тек жарнама арқылы кіріске қол жеткізуге болады.

Мемлекет азаматтардың жеке дерегін қорғау үшін үкіметке қарасты киберқауіпсіздік орталығын құрды. Онлайн платформа арқылы көрсетілетін цифрлық қызметтер ерекше қорғауға алынған.

Әзиз Мұхитдинов, цифрлық үкімет жобаларын басқару орталығының директоры:

- Цифрлық технологиялардың дамуы ақпараттық қауіпсіздікті күшейту ісін жеделдетеді. Деректер базасы кеңейіп жатыр. Бұл іске ерекше көңіл бөлмеске болмайды. Киберқауіпсіздік орталығы азаматтардың ғана емес, мемлекеттік органдардың да жүйелерін түгел дерлік қорғауға алды. Ондағылар желіде кибер шабуылдармен күрес жүргізеді.

Шетелдік компанияларға серверлік жүйені ел аумағына көшіру жөніндегі міндет әлі күшін жойған жоқ. Ол заң жүзінде бекітілген. Өзбекстанда кең қолданылатын инстаграм және телеграмм әкімшілері бұл істі жақын арада жүзеге асыратынын ескертті. Ал такси қызметіндегі танымал қосымшаға салық төлеуші ретінде тіркелу де міндеттеліп отыр.

Жаһангер Шүкіров, Ақпараттық технологиялар және коммуникациялар министрлігінің басқарма басшысы:

- Кез келген шетелдік айти компания Өзбекстан нарығына келіп, жұмысын жалғастыра береді. Еш шектеу қойылмайды. Бірақ нақты бір бағыттар бойынша серверлік қызметті осында орналастыру міндеті бар. Азаматтардың жеке дерегін қорғау жөніндегі заңды ұстануды талап етеміз.

Заң бойынша желіде қолданылатын азаматтардың жеке дерегі тек ел аумағында сақталуы шарт. Құзырлы органдар бұл істі қатаң қадағалауға алмақ. Көршіміз қоғамды теріс қылықтан ада ету мақсатында әлеуметтік желідегі контентті де жиі сүзгіден өткізіп жүр.

Авторы: Рауан Мыңбаев