АҚШ жасанды интеллектіге қатысты қауіпсіздік мәселелері бойынша институт құрады
Бұл туралы Ұлыбританияда өткен саммитте елдің Сауда министрі Джина Раймондо мәлімдеді.
Оның сөзінше Америка Құрама Штаттары жасанды интеллект сияқты технологиялар тудыруы мүмкін қауіптерді алдын ала бағалау үшін арнайы зерттеу институты қажет.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Технологиялық компанияның басшылары мен цифрлық технологияның зерттеушілері келешекте жетілдірілген жасанды интеллект тудыратын қауіптерді талқылап, пікір алмасу үшін Ұлыбританияда бас қосты. Екі күндік саммитте алғаш рет 28 мемлекет пен Еуропалық Одақтың ресми өкілдері технологияны қауіпсіз һәм жауапкершілікпен дамыту үшін келісімге қол қойды. Әлемнің жетекші елдері жасанды интеллектің адамзат баласына қатер төндіруі ықтимал екеніне алаңдап отыр.
Камала Харрис, АҚШ вице-президенті:
- Жасанды интеллектінің қауіпсіз екенін анықтау үшін біз одан келетін қатерді, жалпы адамзатқа, жеке адамдарға, қауымдастыққа, мемлекеттерге және осал топтарға төнетін қауіптердің бәрін қарастыруымыз қажет. Біз жасанды интеллект шынымен қауіпсіз екеніне көз жеткізу үшін осының барлығын ескеруіміз керек.
Саммит аясында Tesla-ның бас директоры Илон Маск Ұлыбритания премьері Риши Сунакпен тікелей эфирде жасанды интеллекті талқылайды деп жоспарланған. Биыл жыл басында технологиялық миллиардер жасанды зейіннің қауіпі жөніндегі ашық хатқа қол қойған болатын.
Жалпы Илон Маск жасанды интеллект адамзаттың жойылуына әкелуі мүмкін деген ескертуді жиі айтады. Ал осы аптада АҚШ президенті Джо Байден жасанды интеллект мәселелері жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Онда АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне, экономикасына, халық денсаулығына қауіп төндіретін ЖИ жүйелерін жасайтын компаниялар қорғаныс өндірісі туралы Заңға сәйкес Үкіметке тексеру сынақтарының нәтижелерін беруге міндеттелді.
Джина Раймондо, АҚШ Сауда министрі:
- Бәсекелестік жақсы, ол біздің бойымыздағы ең мықты қасиеттерді көрсетеді және инновацияларды енгізуге мүмкіндік береді. Бірақ біз жаһандық мәселелердің шешімдерін бірге іздеуіміз керек. Бүгінде жасанды интеллект дәуірінде біздің алдымызда, барлық мемлекеттің алдында жеке секторымызға әсер ететін күрделі мәселе тұр. Ол жасанды интеллект қауіпсіздігі бойынша жаһандық үйлестіруді талап етеді және бұл технологияның теріс пиғылдағы топтың қолына түспеуін қамтамасыз ету үшін бізге үлкен жауапкершілік жүктейді.
Ең көне ағылшын сөздіктерінің бірі Коллинз "жасанды интеллект" 2023 жылы ең көп айтылған сөз деп мойындады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл сөзді қолдану 4 есе өскен.